АҚШ-тың Ресейге қарсы енгізген санкциясына байланысты Қазақстандағы ресейлік "Сбербанк", "Банк ВТБ", "Альфа-банк" еншілес банктерінің шоттарында 9,2 млрд теңге бұғатталды.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
"Санкциялық талаптар аясында жекелеген шетелдік банктер "Сбербанк" АҚ, "Альфа-Банк"АҚ және Банк ВТБ (Қазақстан)" АҚ еншілес банктерінің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарын бұғаттаған. Осының нәтижесінде, банктердің мәліметінше, осы банктердің шоттарындағы жалпы сомасы шамамен 9,2 млрд теңге ("Сбербанк" бойынша – 2,7 млрд теңге, "Альфа-Банк" бойынша – 6,2 млрд теңге, "Банк ВТБ (Қазақстан)" бойынша – 0,3 млрд теңге) болатын қалдық ақша бұғатталды", - делінген жауапта.
Бұдан басқа, шетелдік банктер Қазақстандағы "Сбербанктің" жекелеген клиенттерінің шетел валютасындағы 2,9 млрд теңге төлемдерін бұғаттаған.
"Альфа-Банк" еншілес банкінің жекелеген клиенттері бойынша шетел валютасындағы 3,9 млрд теңге төлемдері мен аударымдары бұғатталды. Агенттіктің ақпаратынша, қазіргі таңда банктің жаңа акционері "Банк ЦентрКредит" АҚ банкті АҚШ пен бірқатар басқа елдің санкциялық тізімінен шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал "Банк ВТБ (Қазақстан)" клиенттері бойынша төлем және аударым операциялары аясында қаражат бұғаттау фактілері жоқ.
"Операцияларды бұғаттан босату үшін банк клиенттері өз бетінше АҚШ реттеушісінің (OFAC) сайтында арнайы нысанды толтырып, оның жеке рұқсатын алуы қажет. Қазіргі уақытта банктер өз клиенттеріне контрагент банктермен келіссөз жүргізу және OFAC-тың жеке лицензиясын алу тәртібі туралы ақпарат ұсыну арқылы көмек көрсетіп жатыр", - деп мәлімдеді агенттіктегілер.
Ал "Банк ЦентрКредит"АҚ Қазақстандағы "Альфа-Банкті" SDN тізімінен шығару үшін бас лицензия алу мақсатында OFAC-қа хат жолдады. Оны алғаннан кейін банктің корреспонденттік шоттары мен клиенттердің ақшасы бұғаттан толық шығады деп күтілуде.