$ 494.87  520.65  4.91

«Батылдық жоқ жерде батырлық бағаланбайды» - Арман Қани

Орысша атауларды қазақыландыру, ұлттық мүддені ұлықтайтын кешенді ескерткіштер, мүсіндер орнату іс-шаралары қолға алынса, әдетте, шовинистер мен нигилистер шу көтереді.

Ана бір жылы Май ауданы атауын Малайсары батыр деп өзгертуге бастама көтергенбіз. Ат төбеліндей трайбалистер қарсы шығып, жоғарыға арыз-шағымдарды қардай боратты! Орта ғасырлық рулық сана деңгейінде қалғандар: «Орысша болса да Май атауы дұрыс. Егер ауданды Малайсары атасақ, бұл өңірдің бәсентиіндердің жері екені білініп, біздің кірме екеніміз аңғарылып тұрады» деген ойдың төңірегіне жиылды. (Бұлардың ішінде менімен аталас ағайындар да бар). Әрине, олар жымысқы ойларын «Аудан атауын ауыстыруға кететін қаржы шығыны бюджет қорын ойсыратып тастайды. Онсыз да аудан тұрғындары ит мініп, ирек қамшылап жүр» деген сияқты қитұрқы сөздермен бүркемеледі. Сөйдесе де трайбалистердің саны аз еді. Ақыры, шовинистермен және нигилистермен одақтасуының нәтижесінде жеңіске жетті!...

Бұдан соң аудандағы Чапаев ауылын Малайсары батыр атауына ауыстыру жөнінде мәселе көтерілді. Сол-ақ екен, бәсентиіндердің өздері тілмембет және сырым болып екіге бөлінді де, бір-бірімен айтысып тартысты. Тілмембеттер: Бұл біздің ата-бабамыздан қалған жер. Сырымдардың жері – Бестауда. Сондағы ауылды Малайсары атаңдар! – деп тұрып алды. Сырымдар: Малайсары өз руының жыртысын жыртқан жоқ, қаймана қазақ елінің азаттығы үшін соғыста шаһит болған ер емес пе?.. – деген уәжді алға тартты. 

Жүйелі сөзді айтуын айтты ғой. Сонда да Малайсары атауы батырдың ұрпақтары тұрып жатқан Чапаевқа емес, көрші ауыл Кировке берілді... Әкімдіктегілер: «Мәселені өздерің шешіңдер! – деп дау-дамайдан бастарын ала қашты. 

Орысша атауларды қазақыландыру, ұлттық мүддені ұлықтайтын кешенді ескерткіштер, мүсіндер орнату іс-шаралары қолға алынса, әдетте, шовинистер мен нигилистер шу көтереді. Олардың ескерткіштер орнату ісіне қарсы қолданатын ескі әдіс-тәсілі бар. Үш тармақтан тұратын әдіс ережесі бойынша, ескерткіш орнатылатын орынның дұрыс еместігі, ескерткіш сапасының нашарлығы, оған бөлінген қаржы мөлшерінің тым көптігі айтылып, дабыл қағылады! 

Керекуде 2012 жылы Ашаршылық құрбандары монументі орнатылғанда «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі Фарида Бықай әлгі әдісті қолданып, «Ескерткіш салу еріккеннің ермегі емес» – деп аттан салды! Зиялы қауым: «Мынау не деп тұр!» деп осқыра қарады, ал  әкімдіктегілер сын мақалаға мүлде  мән берген жоқ. Өз ұстанымында тұрды. Қазіргі шақта бұл монументтік кешен жұртшылықтың ашаршылық құрбандары рухына тағзым ететін киелі орынға айналды.

Жаугершілік заманында қазақ жерін басқыншы жаулардан азат ету соғысында ерлікпен шайқасқан Олжабай мен Жасыбай батырларға кешенді ескерткіш орнату ісі былтыр Баянауылда қолға алынып еді, тағы да шу көтерілді! Бұл жолы «Екі батырдың даңқы біздің бабалармыздікінен асып кетеді!» – деген ойдың төңірегінде топтасқан жергілікті трайбалистер айқайға басты! Оларға Patel. kz порталының тілшісі Ольга Воронько көмекке келді... Қазақша бес сөздің басын құрап жазуға сауаты жетпейтін, солай бола тұра тіл жанашыры есебінде жүрген даңғазашылар республикалық сайттарға сын мақала жіберді... 

Рушыл топ шовинистердің ескі әдісінде қолданылатын үш тармақтағы құйтырқы сөздерді  журналистер мен блогерлердің құлағына ілді де, өздері жоғарыға арыз-шағым жазу ісімен айналысты. 

Мәселе ақшада емес, басқада екені әркімге аян. Атымтай жомарт миллионерлердің бірі: «Сол ескерткіш кешенін өз қаржыма салып берейін» – десе де, трайбалистер қарсы шығады. Егер миллионер мырза Баянауылға келсе  әлгілер қолдарына айыр, күрек алып айбат шегуі мүмкін... Әуелде ескерткіш орнатылар алаңда жұмыс істейтін тракторлардың алдына тұрып алып пикет өткізуді көздеген бұлардан бәрін күтуге болады. Өйтпесе,  ата-бабасының аруағы Олжабай мен Жасыбай батырлардың рухына көрсетілген құрметтің көлеңкесінде қалады... 

Рушылдық дертіне ұшыраған қоғамдық сана жуық арада жазылмайды. Тіпті он жылдан кейін де, жарты ғасырдан соң да дерттен айығуы неғайбіл. 

Соны біле тұра, ақ жағалы ұлықтарымыз екі батырға кешенді ескерткіш орнату ісін неліктен  кейінге сырғытты?  Шынымен, ат төбеліндей рушылдардың іс-әрекеттерінен шошынып қалды ма?  Түрлі жағдайда өздеріне қара пиар жасап, қиқулап атқа мінетін  шолақ белсенділерге  әкімдіктің құрмет көрсетіп, жалпақшешейлікке салынуы ненің белгісі?.. 

Сөзімді қорытындылайын, орта ғасырлық рушылдық сана деңгейінде қалғандар шенеуніктерге ұлттық мұрат-мүдде идеясын ұлықтауға жол бермейді. Он жылдан кейін де, тіпті жарты ғасырдан соң да сөйтеді... 

Демек, облыс, қала, аудандар басшылығы қазіргі кезде мемлекеттік, ұлттық идеологияны жүзеге асыру бағытында  мызғымас ұстанымын танытып, батылдық көрсеткені дұрыс емес пе? Әлде мен жаңылысып, жаңсақ сөйлеп тұрмын ба?..

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары