Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 27 мамырға қараған түні Хромтау аудандық ПБ кезекші бөліміне Хромтаудан 75 шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Nissan Teana жүргізушісі Аққұдық ауылы маңында жол ережесін бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Осылайша, Хромтау ауданының 44 жастағы тұрғыны тізгіндеген ВАЗ-2115 көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан оқиға орнында ВАЗ-2115 көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы қайтыс болған. Сонымен қатар, Nissan Teana көлігінің жүргізушісі мен ВАЗ-2115 автокөлігінің үш жолаушысы Хромтау қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.
Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды.