Павлодар облысы Успенка ауылының маңында 10 тонна күнбағыс майы тиелген жүк көлігі жанып кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға орнынан видеоны куәгерлер Instagram-да жариялады. Кадрларда тасжолда жанып жатқан автомобиль қалған көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп тұрғаны көрінеді. Сондай-ақ, жүк көлігінің жанында шөп жанып жатыр.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 28 мамырда сағат 12.06-да түскен.
"Республикалық маңызы бар Павлодар - Успенка - РФ автожолында пластик ыдысқа құйылған шамамен 10 тонна өсімдік майы тиелген 2004 жылы шығарылған Krone ZZF 18 маркалы тартқыш толығымен жанып кетті", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Өртті сөндіруге екі сағатқа жуық уақыт кетті. Сағат 13.50-де өрт толықтай жойылды.
"Жүк Новосібірден Бішкекке қарай Қазақстан шекарасы арқылы бара жатқан. Сондай-ақ, ауданы 500 шаршы метр және 4 гектар болатын екі ошақта құрғақ шөп өртенді. Өрт сағат 14.40-та сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ", - деді ведомство өкілдері.
Оқиғаның себебі мен залалы анықталып жатыр.