Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы уланған ауыл тұрғындарының тағы бірі Ертіс ауылының аудандық ауруханасында көз жұмғанын мәлімдеді. Ол - белгісіз заттан уланып қайтыс болған алтыншы адам, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жетінші уланған адам Павлодардың 3-қалалық ауруханасында өте ауыр жағдайда жатыр. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, динамика теріс көрсетіп тұр.
Айта кетсек, сенбі күні Павлодар облысының Ертіс аудан орталығында белгісіз сұйықтықты тұтынғаннан кейін бес адам көз жұмды.
Ең бірінші болып 27 мамырда сағат 22:17-де 67 және 32 жастағы әкелі-балалы екі адамның денесі өз үйінен табылды.
Келесі күні, сағат 7:15-те ауруханада 47 жастағы ауыл тұрғыны қайтыс болды. Біраз уақыттан кейін, сағат 7:24-те 65 жастағы зейнеткер өз үйінде өлі күйінде табылды. Сағат 16: 00 шамасында ауруханада 53 жастағы ауыл тұрғыны қайтыс болды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, көз жұмған адамдардың денелерінде сыртқы зорлық-зомбылық белгілері жоқ.
Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Қаза тапқан алты адамның барлығы Ертіс ауылының тұрғынының үйінде сақталған ыдыстағы шығу тегі белгісіз сұйықтықты тұтынған. Ыдыс тәркіленіп, онда қалған сұйықтықты тексеру үшін сараптама тағайындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталады.