Бүгін - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күн 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті.
Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жабылып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады.
Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты.
Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
Тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сарсембинаның пайымынша, Кеңестік тоталитарлық қоғам ұлт мүддесін аяққа басу, ұлт рухын әлсірету мақсатында саясат жүргізіп, «кеңес халқын» қалыптастыру ісін қарқынды қолға алды. КСРО-да 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін социалистік құрылысты орнықтырудағы шаруашылық механизмінің ажыратылмас бөлігіне айналды. 1920 жылдан бастап ВЧК-ГПУ-НКВД халық арасынан «кеңестерге қарсы мәліметтерді» жүйелі түрде жинаған.
Жак Россидің айтуынша, 1920 жылдың басынан бастап-ақ «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» іс-әрекеті үшін 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
«Ал, 1930 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ-тағы тұтқындар 25 пайызды құраған. Осы баппен сотталғандар түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде «агитатор» деген атты иеленген», - деп жазады ол.
Жалпы, тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен. Айта кетерлігі, дәл осы күні Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шекті.
Мұны 2012 жылы елордада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулетті көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде ҚР сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан болатын.
«Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді», - деген еді ол.
Деректерге сәйкес, тек 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Дегенмен, бұл деректерді әлі де тыңғылықты зерттеу керек. Өйткені, ол кездегі есептерді басшылар өз пайдасына орай бұрмалап берген. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті.
Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді. Ашаршылықтың алдындағы тіркелу, ұйымдастыру науқандары талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Соның салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.
inform.kz