Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус бүкіл мемлекеттерді халықтың кем дегенде 70%-ын коронавирусқа қарсы екпемен қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда санитариялық шектеулерді қайта енгізуге дайын болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ДДСҰ мәліметінше, қазір 70% көрсеткішке тек 57 мемлекет қол жеткізді, әлемде вакцинацияның орташа деңгейі - 60%.
«Барлық аймақтарда орналасқан 70-ке жуық елде COVID-19 жұқтыру жағдайлары туралы хабарламалар санының өсуі байқалды және бұл әлемде тестілеу күрт төмендеген кезде орын алады», - деді ДДҰ басшысы.
Гебреисус әлемде коронавирустың таралу жолы мен қарқынын болжау мүмкін емес екенін атап өтті. 100% вакцинациялануға тиіс ең осал топтар — медицина мамандары, 60 жастан асқан адамдар және денсаулық жағдайы нашар адамдар. Бүгінде әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырудың 532 210 230 жағдайы тіркелді.
Соңғы тәулікте жұқтырғандар саны 387 804 адамға өсті. Әлемде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың жалпы саны - 6 312 017 адам. Сонымен қатар бүгінде 691 өлім тіркелді. Вирустан толық емделгендер саны: 503 169 548 адам.