01.06.2022, 11:40

«Ресей мұнайына тыйым салынып, Сбербанк SWIFT-тен ажыратылады»: Еуроодақ санкцияның алтыншы пакетін мақұлдады

фото: rua.gr
Бұған дейін Ресей мұнайына толықтай эмбарго жариялауға экономикасы Ресейден келетін отынға тәуелді Венгрия қарсы болған.

Дүйсенбі, 30 мамыр кешке Еуроодақ жетекшілері Ресейға қарсы санкцияның алтыншы пакетін мақұлдады, деп жазады Азаттық.

Оған сәйкес, Ресей мұнайына эмбарго жарияланып, "Сбербанк" SWIFT банкаралық коммуникация жүйесінен ажыратылады. Бұл туралы Еурокеңес басшысы Шарль Мишель Twitter’інде жазды.

Оның сөзінше, шектеулер Ресейден келетін мұнай экспортының үштен екісіне қатысты. Құбыр желісімен тасымалданатын отынға әзірше тыйым салынбайды. Санкцияға тек теңіз арқылы келетін мұнай ілініп отыр.

"Достық" құбыры арқылы жеткізіліп жатқан мұнайға шектеу қойылмайды.

Бұған дейін Ресей мұнайына толықтай эмбарго жариялауға экономикасы Ресейден келетін отынға тәуелді Венгрия қарсы болған.

Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Twitter'інде, мұнай эмбаргосын құптайтынын, осының әсерінен Ресейден Еуроодаққа жеткізілетін мұнай импорты жыл аяғына дейін шамамен 90 пайызға қысқаратынын жазды.

Bloomberg-тің есебінше, мұнай эмбаргосынан Ресей жылына 22 миллиард доллар шығын шегеді. Оның 10 миллиарды теңіз арқылы жеткізуге салынған тыйымға байланысты. Ресей экспортқа шығаратын мұнайының 75 пайызын теңіз жолымен тасымалдайды. Дегенмен, Ресей мұнайын Венгрия, Словакия және Чехияға жеткізіп жатқан, әзірге тыйым салынбаған "Достық" құбыры арқылы Мәскеу жылына алты миллиард доллар табыс тауып отыр.

Лондон биржасында сейсенбі, 31 мамырда Brent маркілі мұнайдың баррелі 119 долларға дейін көтерілді.

Бұдан бөлек, ЕО жетекшілері "Сбербанкті" SWIFT банкаралық коммуникация жүйесінен ажыратып, өз елдері аумағыда Ресейдің үш мемлекеттік телеарнасын көрсетуге шектеді. Әзірге саяси келісім жасалып жатыр. Іс жүзінде алтыншы пакет заңды күшіне енген жоқ.

Ресейге қарсы жаңа санкциялар Украинадағы соғыстан кейін салына бастаған.

 

Тегтер: ресей санкция