$ 498.34  519.72  4.85

Елордада ер адам көшеде кетіп бара жатқан қыздың 2,8 млн теңге салынған пакетін тартып алды

Қылмыс жасалған сәтке дейін қарақшы ақша ұрлау мақсатында қыздың жүріп-тұру бағыты мен уақытын алдын ала барлаған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

 Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері 21 жастағы бойжеткеннің 2,8 миллион теңге салынған дорбасын тартып алған қарақшыны ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Не істерін білмей, абдырап қалған қыз дереу полицияға хабарласқан. Жәбірленушінің айтуынша, ол күндіз есепшотқа ақша салу үшін Мәмбетов көшесімен банкке қарай бет алған. Осы кезде оның артынан келе жатқан белгісіз ер адам кенет оның қолындағы пакетті жұлып алып, жүгіре жөнелген. Полицияның жеке құрамы қарақшыны анықтауға және ұстауға жұмылдырылған. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Майлин көшесінен 26 жастағы ер адамды ұстады.

«Анықталғандай, күдікті бұрын жәбірленушінің өзі жұмыс істейтін сауда саласындағы кәсіпорында бір ай тәжірибеден өткен. Қылмыс жасалған сәтке дейін қарақшы ақша ұрлау мақсатында қыздың жүріп-тұру бағыты мен уақытын алдын ала барлаған. Өз кінәсін мойындаған азамат ақшаның басым бөлігін қажетіне жұмсағанын айтты», - деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталған азаматтың елордада жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары