«Бақытты отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасына қатысуға өтінімдер 20 маусымнан бастап қабылдана бастайтыны белгілі болды. «Отбасы банк» мәліметінше, өтінімдерді қабылдау тура бір айға, яғни 19 шілдеге дейін жалғасады.
«Бағдарламаға қатысушылар 2%-дық ипотекамен баспана сатып алу үшін 20 жыл мерзімге несие рәсімдейді. Алғашқы төлем 10% құрайды», - делінген банк хабарламасында.
Өтінімді әкімдікте баспана кезегінде тұрғандар бере алады:
көпбалалы отбасылар; мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар; толық емес отбасылар (неке бұзылған сәттен бастап кемінде үш жыл өтуі керек).
Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен осы қалалар маңында, сондай-ақ Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында кезекте тұрғандар үшін 15 миллион теңге, ал қалған аймақтарда 10 миллион теңгені құрайды.
Пәтерді нарықтық тұрғын үйді (бастапқы немесе қайталама) сатып ала аласыз немесе мемлекеттік қордан таңдауға болады. Өтініштер otbasybank.kz платформасы арқылы қабылданады.