$ 444.22  476.38  4.82

Полиция босатып жіберген қарағандылық тұрғын үйіне оралып, анасын пышақтап өлтірді

Бұрын сотталмаған 34 жастағы тұрғын ізін суытпай ұсталған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қарағанды қаласы Гапеев көшесіндегі № 29 үйдің ауласында ер адам тоғыз көліктің әйнегін сындырған, - деп хабарлайды "Новый Вестник".

Бұрын сотталмаған 34 жастағы тұрғын ізін суытпай ұсталған. Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Ернат Қалиақпаровтың айтуынша, наркологиялық диспансерде жүргізілген медициналық тексеріс бойынша оның наркологиялық және психиатриялық есепте тұрмайтыны анықталған.

Ол тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін екі сағат өткен соң үйіне жіберілген. Таңертең осы мекенжайдағы пәтерлердің бірінен әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Ол бұрын ұсталған ер адамның анасы, 70 жастағы пәтер иесі болып шыққан.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінен күдіктіні ұстады. Ұсталған азамат көршілеріне келтірген залалды өтеу туралы анасымен арада туындаған жанжал барысында пышақ жарақатын салғанын түсіндірді", - деп түсіндірді Ернат Қалиақпаров.

Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары