Жексенбі - 5 маусым күні Қазақстан азаматтары Ата заңымызға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты тағдыршешті шешім қабылдайды. Түңгі сағат 00-00-ден бастап республикалық референдумға қатысты үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды. Яғни, тыныштық күні басталды.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 7-бабы 4-тармағына сәйкес референдум қарсаңындағы күн мен референдум өтетін күні кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады. Демек, 4 және 5 маусымда бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернетте референдум бойынша үгіт жүргізуге болмайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің түсіндіруінше, «үгіт» ұғымының мәнін және мазмұнын негізге ала отырып, референдумға шығарылған сұраққа сайлаушыларды «келісемін» немесе «қарсымын» деп дауыс беруге түрткі болатын материалдар үгіт материалдары ретінде қарастырылады.
Бұл ретте, аталған бұзушылыққа жол берген жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Интернет-ресурстарда бұрын жарияланған үгіт материалдар бастапқы орындарында сақталуына жол беріледі, оларды сайттың басты бетінде шығаруға тыйым салынады.
Сондай-ақ, референдумды өткізу күні, шарттары, дауыс беру тәртібі, оның ішінде жарнамалық баннерлер, референдумға дейінгі күндерді кері санау және басқа да туралы түсіндірме сипаттағы бұрын жарияланған ақпараттық материалдар интернет-ресурстар мен телеарналарда олардың бастапқы орындарында сақталуына жол беріледі.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтуынша, үгітке тыйым салынған кезеңде бұл іс-шаралар жүргізілген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 102-бабы бойынша жауапкершілік ескерілген.
«Екі немесе одан да көп рет немесе басқа біреу үшін дауыс беру, сондай-ақ учаскелік референдум комиссиясы мүшесінің азаматтарға өзге адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында бюллетеньдерді беру әрекеті ӘҚБтК-нің 108 және 110-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғатынына да назар аударамыз», - дейді Бас прокурордың орынбасары. Дереккөз: ҚазАқпарат