Қазақстан құрамасы футболдан UEFA Ұлттар лигасын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Айта кетсек, ұлттық құрама С лигасы үшінші тобында сынға түседі. Қарсыластары - Әзербайжан, Беларусь пен Словакия.
Бүгін қазақстандық футболшылар өз алаңында Әзербайжан құрамасын қабылдады. Кездесу барысында алғашқы кезеңде әзербайжандық ойыншылардың белсенділігі байқалды. Олардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Алайда қарсыластар көздеген нысанадан мүлт кетіп жатты.
Екінші кезеңде Абат Айымбетов 50, 57-минуттарда мергендік танытты. Осылайша, қазақстандық футболшылар қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Сондай-ақ, бүгін аталған топта Беларусь және Словакия құрамалары ойнайды. Енді Қазақстан құрамасы келесі ойынын 6 маусымда сырт алаңда Словакияға қарсы өткізеді.
Бұл күні Әзербайжан мен Беларусь құрамалары шеберлік байқасады. Еске салсақ, бұдан бұрын UEFA Ұлттар лигасында алғашқы тур ойындары басталғанын хабарлаған едік.