Қазақстанда енді оқушы қыз балаларға мектепке орамал тағып келуге рұқсат берілуі мүмкін. Білім және ғылым министрлігі ата-анасы орамал тағуға тыйым салғандықтан мектепке баруға рұқсат бермей отырған оқушыларға қатысты ережені жеңілдетпек, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр мектептерде орамал тағу мәселесі үнемі көтеріліп келе жатқанын, тек Қазақстанда ғана емес, басқа да бірқатар елдерде осыған қатысты талқылаулар жүріп жатқанын атап өтті.
"Бірақ Қазақстан зайырлы мемлекет, мектеп те зайырлы мекеме. Сонау 2016 жылы қабылданған бұйрық бар, талаптар да бар. Дегенмен, әр түрлі топтардың инклюзивтілігін қамтамасыз ету маңызды екенін көріп отырмыз. Мысалы, біз Ата-анасы бас киім таға алмағандықтан мектепке бара алмай жүрген қыздардың мәселесін қарастыра алар едік. Осы себептердің әсерінен балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсер етеді, ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек", – деді Асхат Аймағамбетов Nur.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің "Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығы шыққан болатын. Құжатқа сәйкес, мектеп формасына пиджак, шалбар, жейде, белдемше кіреді. Мектепте орамал тағуға тыйым салынады, бұл үшін айыппұл салынады. Ал мектептен тыс уақытта студенттер діни себептермен орамал тағуы мүмкін.
Жаңа ережелер ата-аналар мен ел тұрғындары арасында наразылық тудырды. Қазақстандық мектептерінде орамал тағуға тыйым салынғандықтан кейбір оқушылар ресейлік онлайн мектептердегі оқуға көше бастады.