Ақын Светқали Нұржан Мұхамеджан Тазабековке сын тақты. Референдумда дауыс бергенін өлеңмен жырлаған Тазабеков ақын ағасынан сөз естіді. Алайда ол інілік ізеп танытып, сабырмен жауап берді.
Тазабеков мырза ақын ағасына желі арқылы жауап берді. Өзінің жат ағымға еш қатысы жоғын тағы да айтып ақталды. Ал билікке жағымпаздық емес, көзқарасымды білдірдім дейді.
“Светқали ағам күн сайын таңғалдырып, сәт сайын сүйсіндіретін, ең мықты ақыным ғой. Ұрсып жатса да, төпелеп жатса да, мәтіннің мәнісінен гөрі ағамның ақындық жүрегі маңызды. Екі дүниенің мазмұнын таразыға сап, қазақтың қасиетті қара өлеңімен рухыңды тербеп, пәндауи ортаның қасаңынан басқа әлемнің шуағына қарай жетелеп кететін илаһи жолдағы мінезді ағама құрметім бөлек.
Соңғы шыққан кітаптарын үңіле оқып, жантақ тамырлы, сексеуіл бұтақты, жусан иісті қазақы өлеңдермен құшырлана қауышып, біразға дейін әсерінен арыла алмай жүрдім. Аға, аман болыңыз! Құл Қожа Ахмет Яссауиден бүгінгі Өзіңізге дейін түркінің түбіт тілінде Мұхаммед (ғ.с.ғ) ның ұлы насихатын мына маң далада шырақтай жаққан дарындарға Алланың нұры жаусын!
Құрметті, жазғыштар! Екі қазақтың ортасына от жағып, ағайын жұртты айдап салудан шаршамадыңыздар ма?! Айтысатын жерде айтысқанбыз. Кәсіби сахынада майталман ақын боп, сөз таластырудың майын ішкенбіз. Әлі де талантым таусылып қалған жоқ. Бірақ, үміттеріңіз ақталмайды-ау, ағамның жағасына жармаспаймын, сөзінен ілік іздемеймін. Інісіне ренжісе, реті солай болған шығар. Ештеңе етпейді. Аға зордан, іні бордан. Жылдар бойы теріс пікірлер естіп, арандатушы жандардың анализін жүрекке қабылдаған шығар. Ақын жүрек сенген шығар, сенгенін сезініп, маған екі ауыз сөз арнаған шығар. Әйтпесе, кесіп айтатындай, құрметті ағамызбен көрші тұрғанымыз жоқ, сапарлас болмадық, алыс-беріс те жасамадық.
Сирияға кеткендерге еш қатысым жоқ екенін, қаңтар оқиғасына түрткі болмақ түгілі, түбегейлі ондай бүлікке қарсы екенімді көзі қарақты кез-кез келген тұлға біледі”, – деп жазды ол.
Желі де екі түрлі пікірлер айтылды. Бірі ақынды, бірі айтыскерді қолдады.
“Не болған жағдайда да біз сізді қолдаймыз. Шындықты айтқан жоғарыға жақпаған ғой шамасы, бірақ біртуар сіздердей азаматтар аман болсын”, “Не деген шешендік, ризамын. Ағаңда риза болар. Жүректен шыққан сөздер, жүрекке жетпеуі мүмкін емес”, “Болар елдің баласы бірін бірі батырым дейді”, “Өте орынды пікір айттың түсінген адамға. Аққа Құдай жақ дейді ғой, тура жолда болсаң болды”, “Сабырлы жауап, мағыналы, түсінікті”, – деп жазды олар.
Дереккөз: stan.kz