Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық ресурстарды заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы Жарлығының толық мәтіні жарияланды. Тоқаев елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару, заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару мақсатында ведомствоаралық комиссия құруға бұйрық берді.
Комиссия құрамына:
Бас прокурор, төраға; Бас прокурордың орынбасары, төрағаның орынбасары; Ұлттық банк төрағасы; Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі; Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі; «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры » АҚ Басқарма төрағасы; Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы; Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы; Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы; Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы; Ішкі істер министрі; Әділет министрі кірді.Ведомствоаралық комиссия бір апта ішінде ведомствоаралық комиссия туралы ереженің жобасын Президенттің қарауына өткізуі керек. Сондай-ақ, комиссия екі аптада бір рет өз жұмысы туралы баяндайтын болады.
Жарлықтың орындалуын Президент Әкімшілігі бақылайды.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.