Қазақ халқының бір топ зиялы қауым өкілі белгілі композитор, қазіргі Әнұранымыздың авторы Шәмші Қалдаяқовқа «Халық қаһарманы» жоғары атағы мен Шымкент қаласынан бір ауданның атын беруді сұрап, Мемлекет басшысына хат жолдады. Бұл туралы композитор, шәмшітанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі мәлімдеді, деп жазады aikyn.kz.
Президенттің атына жазылған хатқа Төрегелді Шарманов, Аягүл Миразова, Асанәлі Әшімов сынды үш бірдей Қазақстанның еңбек ері, сонымен қатар әнші Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Көпен Әмірбек, Қали Сәрсенбай, т.б. сынды елге елеулі, халыққа қалаулы бір топ азамат қол қойған.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
«Ұлттық руханиятымыздың, мәртебелі мемлекетіміздің даму тарихында, әлемдік өркениет өрісіне халықтық қолтаңба салып, жердің де, елдің де мерейін өсіруде ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өлмес өнері, өміршең әндері тарихи құндылық болып, Тәуелсіздікке қалтқысыз қызмет жасап келе жатқанын Өзіңіз терең танып, барынша бағалайтыныңызды білеміз.
Адамның теңіздің түпсіз тұңғиығындай, аспанның зау биігіндей мүлдем өзгеше әлемге шарықтауына мүмкіндік беретін ой пырағы – өнер. Адам баласы өнер арқылы уақыт пен кеңістіктен қара үзіп, қалаған бағытына құстай ұшып, жұлдыздай ағады. Қазақ қоғамын жарастырып, береке-бірлігін сақтап отырған да – мәдениет пен өнерге іңкәр халқымыздың ақ пейілі мен дарқан көңілі. Елімізді әсем әнімен әлдилеген аяулы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндері, қазақ халқын біріктіре түсер құдіретті күш болып отыр.
Таудың алыстаған сайын зорая түсетіні секілді, Шәмші әндері қанша дәуір алмасса да, маңызын жоймай, асқақтаған үстіне асқақтай бермек. Шәмшінің сыршыл лирикаға толы «Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Арыс жағасында», «Қайдасың?», «Ақ бантик», «Қайықта», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақмаңдайлым», «Бәрінен де сен сұлу», «Сыр сұлуы», «Кешікпей келем деп ең», сияқты әндері талай жүрек қылын нәзік шертіп, ғашықтарды табыстырса, «Менің Қазақстаным» әні тұтас елді, бүкіл халықты рухтандырды.
Өзіңіз бағытын айқындап, бедерін белгілеп берген «Жаңа Қазақстанды» құрып, жарқын күндерін жақындату жолындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани жаңғыртулар жағдайында туған еліміздің тарихи тұлғалары тудырған ұлы туындылар да Тәуелсіздікке талмай жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы – Сіздің атқарып жатқан, барлық нәтижелі игі бастамаларыңызға, біз ілтипатпен қолдау білдіреміз. Биыл Сіздің тапсырмаңыз бойынша жұртымыздың жан-жүрегіне жақын ақжолтай жаңалықтар жария болды. Ұлтымыздың ұлы тарихы басталатын Ұлытау, жер жәннаты Жетісу, адамзаттың ақылманы атанған Абай облыстарының жаңадан ашылуын халқыңыз қуанышпен, қошеметпен қарсы алды. Осы үлгілі үрдістің жақсы жалғасы болса, ол Тәуелсіздік тарихының да тамаша беттері болатыны даусыз. Осы орайда, біз Өзіңізге арнайы өтініш хатты жолдай отырып, төмендегі ұсыныс-тілектерімізді жеткізуді жөн көрдік:
Халықтың патриоттық сезімін оятып, отанын ерекше сүюді, туған жерді әнмен де қорғауға болатындығының озық үлгісін көрсеткен, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Халық Қаһарманы» жоғары атағын, сондай-ақ, ұлы сазгер дүниеге келіп, халық махаббатына ерекше бөленген, өлмес шығармалар туындатқан Шымкент қаласындағы бір ауданның атын берсеңіз деп сұраймыз. Жеткізуші біз болғанмен, бұл жалпыұлттық өтініш деп қабылдасаңыз деген тілек бар. Біз, туған еліміздің туын көтерген Шәмші Қалдаяқовтай тұлғаның қадірлі есімі халқымен бірге мәңгі жасай беретініне сеніміміз мол» делінген Мемлекет басшысына жолданған хатта.