Павлодар облысында бүтін бір аудан тұрғындары шыбын-шіркей мен масадан көз аша алмай отыр. Қансорғыш жәндіктен үй жануарларының да мазасы кетіп, қорадағы малы да қырыла бастапты. Ал далаға шығарда омарташылардың бас киімі мен аңшылардың сырт киімін жабынып алады. Шыбын-шіркей мен қансорғыштардан қорғанудың басқа амалы жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақтоғай ауылының тұрғындары далаға шығу қиындағандықтан, бау-бақшаны арам шөп басқанын айтады.
“Биыл өте көп, мазамызды алып тұр. Басты себеп: уақтылы өңдеу жұмысы, зерттеу жүргізілген жоқ. Біз себепті осыдан көріп тұрмыз. Өмірімізге қауіп төніп тұр десе болады. Өйткені келер қысқа баубақша өңдей алмай, малымызды өсіре алмай, балаларды далаға шығара алмай отырмыз”, – деді ауыл тұрғыны Мейрам Имашев.
Тұрғындар аса қауырт шаруасы болмаса, далаға шықпайтын болған. Кешке мал өрістен қайтқанда аулаға алау жағып, жәндіктерді түтінмен қашырады. Қансорғыштар күн өткен сайын көбейіп барады. Мал-жан қырылып, балалар жазғы демалысты төрт қабырғада өткізіп жатыр.
“Міне, үй құстарымды сары маса мен шыбын-шіркей талап тастады. Иттер болса, үймелеген жәндіктердің ұясын тырмалап,қазып, тіпті азан-қазан боламыз. Ауа райы құбылып, қатты жел де тұрды. Бірақ зиянкестерден құтыла алар емеспіз. Жылағым келеді. Бау-бақшамды арам шөп басып кетті. Шықсаң, үстіңе қарақұрым шіркей қонады”, – дейді Ақтоғай ауылының тұрғыны Гүлмира Христодарова.
Шенеуніктер зиянкестермен күресіп жатқанын айтады. Бірақ шашқан дәрілерінен пайда болмай тұр, мұны өздері де мойындап отыр.
“Негізгі мақсатымыз – шыбын-шіркейі көп жерлерге дәрі шашып, елдімекендерге кіргізбеу. Сол үшін Ертіс өзенін жағалай өңдедік. Бірақ көздегеніміздей болмады.Кей жерлерде жәндіктер жойылды бірақ, тез көбейді. Әзірге жағдай осы”, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.
Ақтоғай ауданында 34 мың гектар жайылым бар. Қарақұрымдай қаптаған шыбын-шіркей басқан ауыл тұрғындарының талабымен екі ұшақпен 17 ауылға ауадан дәрі шашылыпты. Бұл бар жердің бес пайызын ғана құрайды екен. Қансорғышқа таланып, жанын қоярға жер таппай жатқан жұртты құтқаруға бюджеттен үш жылға 1,5 миллиард бөлінген. Әзірге ақтоғайлықтарға оның іске асырылуын күтіп шыдай тұруға тура келеді.