Қызылордада қала шетінен денесінен зорлық-зомбылық белгісі бар ер адамның мәйіті табылды. Оның бірге ішімдік ішкен таныстарының қолынан қаза тапқаны анықталды.
Өңірде биылғы 5 айда кісі қолынан 11 адам көз жұмды. Осы іс бойынша 26 күдікті анықталды. Олардың жартысы жұмыссыздар, бұрын сотты болғандар мен масаң күйде өз әрекетіне жауап бере алмағандар.
Оқиғаның көбісі қоғамдық орындарда болған. Облыстық прокуратура тарапынан жүргізілген талдау-зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың басты себебі анықталды. Бұл қылмыстың басым көпшілігі отбасындағы дау, кикілжің, түсінбеушілік, жұмыссыздық, ішімдікке салыну, бір-біріне ауыр сөз айту, ар-намысын қорлау секілді жағдайлардан туындаған.
«Қала тұрғыны спирттік ішімдікке салынып кеткен әкесін іздеп полицияға хабарлаған. Тергеп-тексеру барысында қала шетінен әкесінің зорлық-зомбылық белгісі бар мәйіті табылды. Бұл оқиғаға қатысты әкесінің бөтелкелес таныстары ұсталды. Олар қылмыстық әрекетін жасыру үшін мүрдені қала шетіне апарып көміп тастаған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.