13.06.2022, 09:40

«Мазақ қылып отырсыз ба?»: Ақтөбеде 300 мың теңгеге мал бағатын адам табылмай отыр

Фото: ашық дереккөз
Тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 700-ге жуық болса да, айына 300 мың теңге жалақы беретін малшы болуға арланатындар көп.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров жұмыссыз жүрген жерлестеріне 300 мың теңгеге мал бақтыра алмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, ауыл азаматтары төрт түлікті мотоциклмен бағуға да ынталы емес, деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Байғанин ауданында әлі күнге дейін су кірмеген, газ тартылмаған ауылдар бар. 

«Халықтың талабы - жұмыссыздық, жұмысқа орналасу және ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін көтереді. Халықтың мәдениеті өсті. Жеке шаруа айтпайды, ел мәселесін көтереді. Газ, су, жол сұрайды. Қазір әр жыл сайын бір елді мекеннің орталық көшелеріне жол салу мәселесі қолға алынды», - деді аудан әкімі.

Осы орайда Отаров аумақтағы мұнай компанияларымен бизнестің әлеуметтік-серіктестік жауапкершілігі аясында меморандумға отыру басталғанын айтты. 

«Аудандағы мұнай компанияларына бос жұмыс орнына жергілікті жердің адамдарын алу қажет екенін түсіндірдік. Сегіз ірі компаниямен меморандумға отырдық. Биыл алты адам әр жерге жұмысқа орналасты. Бәрін шешіп тастадық деп айта алмаймыз. Проблема бар», - дейді Қайрат Отаров. 

Ауданда 725 адам баспана кезегінде тұр. 300-ден аса аз қамтылған отбасы бар. Оның 100-ден астамы әлеуметтік көмек алады. Ал тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 700-ге жуық болса да, айына 300 мың теңге жалақы беретін малшы болуға арланатындар көп. 

«Малшыға айына 300 мың теңге төлейтін шаруашылықтар бар. Қазір малды мотоциклмен бағады. Тұрақты жұмыс іздеп келген ауылдастарыма сол жерден жұмыс ұсынсам «Мені мазақ қылып отырсыз ба? Малшылықты сұрап келіп тұрмыз ба?», деп ренжиді. Азаматтар шаруашылықтағы бос тұрған жұмыстарға баруға ынталы емес», - деді жұмыссыздықты жоюға түрлі тәсілдер қолданып жатқанын айтқан аудан әкімі. 

Соның ішінде аз қамтылған отбасы, мүгедек жандарды қайтарымсыз грантпен қамтуға басымдық берілген. Бизнес бастау арқылы кәсіпкер атанып жатқандар да жоқ емес. Сонымен қатар Байғанинді үш жылдан бері басқарып отырған Қайрат Отаров өзіне айтылатын сыни пікірлерді қалай қабылдайтынын жеткізді. 

«Орынды айтылған сын болса қабылдай аламын. «Тал егуден басқа ештеңе білмейді» деп сын айтатындар бар. Ол да жұмыс. Осы ауданға келген кезімде "зейнеткерлерді жинап алған» деген де сынға түстім. Ол маған дейін істеген кісілер. Әкімдік қызметкерлерінің қатарында зейнеткер жоқ. Ауруханада бар. Себебі дәрігерлер тапшы. Ауыл - иісі қазақтың құт мекені, алтын бесігі. Байғанин өңірінде қаймағы бұзылмаған қазақылық сақталған. Ер адам тұрған жерде әйел қабаттасып сөйлемейді, жастары үлкенге құлақ асады. Салт-дәстүрді берік сақтап отырған қазақы жер», - дейді әкім.