13.06.2022, 10:40

Павлодардағы әскери бөлімде қызметші қаза тапты

Фото: ашық дереккөз
Қайғылы жағдайға байланысты тексеріс жұмыстары басталды.

Павлодар қаласында орналасқан №5512 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған автокөлік взводының 32 жасар аға сержанты Айбек Тұрсымбаев қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Республикалық Ұлттық ұланның мәліметінше, қайғылы жағдай кеше сағат 19,15 шамасында орын алды.

"Келісімшарт бойынша еңбек ететін қызметші көліктің доңғалағын үрлеп жатқанда басына алған ауыр жарақат салдарынан қайтыс болды. Осы оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Ұлттық ұлан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.

Кейбір деректер бойынша, бұл уақытта Айбек Тұрсымбаев кезекті еңбек демалысында болған. Алайда әскери бөлім басшылығы оны демалыс жүрген жерінен жұмысқа шақыртып алған.

Марқұмның артында екінші сәбиін күтіп жүрген жары мен екі жасар қызы қалды.