$ 444.32  473.33  4.76

«Оқырманға ұнамдысы шын ақындар»: Дариға Нысанқұл

Жалына жармастым жырыңның, Сен жазған қаламды ұштап бір.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс», деп өз сөзінде жас буынға қашан да демеу беріп отырады. Сондай-ақ, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке дарынды балалардың қабілетін арттырудың жол картасын әзірлеуді тапсырған еді. Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 25 жылдық мерейтойына орай 25 талантты студенттің өлеңі енгізілген «Сыр сандық» атты кітапқа өзінің жалынды жырларын қосқан жас талант Дариға Нысанқұлмен сұқбатын ұсынады. 
 

-Өз шығармашылығыңмен толық таныстырып өтсең. Қай бағытта жазасың, бұл өнер кімнен дарыған, қанша туындың бар, талантың барын қай кезден бастап байқадың? 
Алдымен өзімді көпшілікке қысқаша таныстыра кетейін. Мен, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылында дүниеге келдім. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып жатырмын. Менің де өлеңге келуім атақты ақындардың сұқбатында айтатыны секілді. Көп оқушылар секілді мен де мектеп кезінен әдебиетке, шығармашылыққа құштар болып өстім. Ең сүйікті пәнім де - қазақ тілі мен әдебиеті болды. Әдебиет арқылы өлеңге ғашық болдым.Аса қатты мәнін түсінбесем де өлең арқылы өмірді сүйе бастағанымды сездім. Өлеңге, әдебиетке деген кіршіксіз махаббатым мені армандарыма адал болуға тәрбиеледі. Әйтсе де поэзияның құдіретін дәл сол уақытта жіті түсіндім деу әрине, қате. Дегенмен, нақты өлеңге деген қызығушылық бастауышты аяқтап, орта буынға ауысқан шақтарда басталды. Өлең жаза алатын қабілетімнің барын алғаш байқаған – ұстазым болатын. Ұстазымның жетелеуімен жүріп өз жолымды айқындап алдым. «Жақсы өлең жазу үшін көп кітап оқығаның дұрыс» - деп ұстазым айтқаннан бастап, кітаптарды жиі оқып, күнделік жаза бастадым. Көп жарыстарға қатысып, әдеби ортамен араластым. Бұның барлығы жазу машығыма өз көмегін тигізді. Әрине, сол уақыттағы өлең деп жазғандарымды оқысам күлкім келеді. Барлығы тәжірбие, уақыт,ізденіс және оқу арқылы түзеледі екен. Қазір көп өлең жазып жүрген жоқпын. Өзгелерді білмеймін, бірақ өзім жазғандарымнан қыздар поэзиясына тән нәзіктік және лириканы байқаймын. Көбінесе сол бағытта жазатын сияқтымын. Әрине, жүрек жырлағанды жазуға тырысады. Өлеңдерім аз да, көп те емес. Мүлде оқымайтын жарамсыздары да бар. Кейде өлеңдерімді «ақынмын» деп өзін жарнамалап жүргендердің қасында салыстырсам, өлеңімнің өресі биік, кей мықтылардың қасында әлсіз болып көрінеді. Ал бұл дарын кімнен дарыды дейтінге келетін болсақ, бұл дара өнер өзімнің атамнан дарыған. Нысанқұл атам - өз ортасында сыйлы, суырыпсалма ақын болған. Көзім көрмесе де, көнекөз қарттардан, ауылдың алтыауызынан атам жайында жақсы естеліктерді, ақындық өнері туралы мақтау сөздерді көп естеймін. Әулетімізде маған ған дарыған өнер болғандықтан да болар, бала жүрегім үшін бұл үлкен жауапкершілік әрі зор мақтаныш болатын. Оны мектеп қабырғасында жазған мына жыр шумақтарынан да аңғаруға болады. «...Жалындап жырмен құлының, Атыңды биікте ұстап кіл. Жалына жармастым жырыңның, Сен жазған қаламды ұштап бір. Өлеңмен өркендеп өсіп балаң, Қабілет-қарының көшіп маған. Мен де дәл сендей арманға еріп, Өлеңнің өлкесін кешіп барам. Ботаңның көргенде жарқ етерін, Сол күйі бақытты болар ма едің? Атыңды ешқашан өшірмеуге, Ата, мәңгілік ант етемін!». Сол кезден бастап мендегі ең негізгі басты мақсат-атамның есімін өшірмей, қай жерде болмасын абыройын асқақтатып,өлеңге адал болу. 
 

- Жырларыңның ішінде жаныңа ең жақыны және оның шығу тарихы? 
Өзіме ең қатты ұнайтын өлең – «Арайлы Ақтөбе» - деп аталады. Мектеп кезінде жазсам да өзіме сондай ыстық. Достарыма да сол өлең ерекше ұнайды. Содан да болар өлең сұраса болды зор мақтанышпен осы өлеңнен бастайды екенмін. Өздері де үнемі «Ақтөбеңді оқышы» - деп әзілдеп жатады. Мінсіз өлең болмаса да, туған жер тарихынан сыр шертетін, қасиетті өлке тудырған ұлылардың есімі аталып, туған жермен сырласа отырып жазылған өлең.Бұл өлеңнің жазылуы да мен үшін қызық. Үйімде өзіме арналған шағын шығармашылық бұрыш бар. Мен үшін шығармашылықтың қай түрімен айналыссам да ойымды жинақтау үшін тыныштық пен жалғыздық маңызды. Әдетте кей шимай-шатпақтарды жазып қолыма қалам алған кезде көп ойланып, бастап кете алмай қиналып отыратынмын. Ал бұл өлең ауылдан ауданға бара жатқан жолда көлікте жазылды. Сөздер өзінен өзі төгіліп келіп жатқанда қатты таңқалған едім. Ұзақ ойланып,қиналмадым. Ерекше сезімнен шыққанын іштей түсіндім. Одан кейін де жазылған өлеңдер бар. Десе де осы өлеңеңнің мен үшін жөні бөлек. Жалғасы бар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ақын #жыр