$ 444.32  473.33  4.76

«Оқырманға ұнамдысы шын ақындар»: Дариға Нысанқұл II

Бұрымымдай өрілер өміршең өлеңдерім көп болса екен тілеймін.

- Ақындық өнер саған не берді? 
Ақындық-көпке бұйыра бермейтін үлкен бақ. Бұл өнер - біреулерге туабітті дарыса, кейбіреулер өлеңнің техникасын жан-жақты зерттеп, болмаса көп оқып ақын болып жатады. Бірақ, оқырманға ұнамдысы шын ақындар. Мен өзімді жазатын қабілетім болса да, әзірге ақынмын деуге ұяламын. Өлеңге енді-енді қадам жасап жатқандықтан, толысар шағым алда деп ойлаймын.Соған қарамастан поэзияның өміріме енгізген өзгерістері мен бергені мол болды. Жыр додаларына қатысып, ширай жүріп өз деңгейімді білдім. Өлең-дүниетанымымды кеңейтіп, еркін ойлы, ақиқатшыл болуға тәрбиеледі. Дәл қазіргідей қалыптасуыма осы өнерімнің көп жерде ықпалы болғанын байқаймын. Ақындық өнер - үлкен әдеби ортамды қалыптастыруыма көмектесіп, өте мықты достар сыйлады. Мектеп кезінде «көріп кездессем, тілдессем ғой» - деп армандайтын атақты ақындармен жолығуыма да себепші болды. Несіпбек Айтұлы секілді аса көрнекті ақындардан бата алдым. Мектеп бітіріп Астанаға арман қуып келген кезімде өлең өлкесінде бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтар Серікзат Дүйсенғазыдай ұстаз жолықты. Ал жетістіктеріме тоқталар болсам, анау айтқандай көп жетістіктерім жоқ. Дегенмен, өлеңдерім "Мен жастарға сенемін" және жақында Еуразия ұлттық университетіндегі жас 25 ақының өлеңдерінен құралған кітапқа өлеңдерім енді. Баспасөз беттерінде де жарияланып жүр. Жетер жетістіктерімнің әлі алда екеніне сенемін. 
 

- Сүйікті ақының және ол несімен баурады? 
Қазақ поэзиясындағы аға буын өкілдері мен жаңа буын жас толқындарды тең оқимын десемде болады. Тек біреуін ғана сүйікті деп айта алмаймын. Барлығымыздың сүйікті ақындарымыз санайтын Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлиды сынды мықты ақындарды оқымау мүмкін емес. Қазіргі адуынды ақындардан Маралтай Райымбекұлы, Есенғали Раушанов, Бауыржан Бабажанұлы, Ерлан Жүніс, Айжан Тәбәракқызы, Жадыра Байбұланованың шығармашылығы ерекше ұнайды. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, айтар ойы бар. Өз замандастарымның ішінде де дараланып келе жатқан жас ақындар жетерлік. 
 

- Ақын ретіндегі арманың қандай? 
Ақын Жанат Әскербекқызы айтпақшы, «Өлең - ақынның шалқар шабыты мен асқан сезімталдығынан туатын құбылыс. Мәтін астарында өмірлік қалтарыс-бұлтарыстар, көңіл иірімдері, қуанышы, шаттығы, күйініші мен сүйініші өріліп отырады». Өлең - жүрек сөзі. Ішкі жұмбақ әлеміңнің айнасы.Ол - мәңгілік өмір. Сондықтан да мен үшін аса бағалы. Бұрымымдай өрілер өміршең өлеңдерім көп болса екен тілеймін. Болашақта толысып, жетілген кезде кітап шығарсам ғой деп армандаймын. Әр беті қайырылып, оқырманның ойға түйіп алар, оны ойландырар тұсы болса қуанар едім. Өзім болашақ баспагер-редактор ретінде кітап шығару жағы оңайға түсуі мүмкін , дегенмен менің ойымша өлеңге деген құр махаббаттан ештеңе шықпайды. Даму мен ізденіс жаңа ойларға, шексіздікке жетелейді. Қадыр Мырза Әли: «Табиғат берген жалғыз талантпен таңғажайып туынды жасау бұл дәуірде тіптен миға сыймайды...Өз әдебиетің түгіл, өзге әдебиетті, бүгінгіні ғана емес ,кешегіні де жетік білуің қажет. Заман-энцеклопедиялық білімнің заманы. Қанағат - өнерге жат қасиет. Ізде, ізде, ізден! Іздедің бе - тап !Таптың ба -тағы да ізден!»- дейді. Арманым – жағама жалқаулықты жармастырмай, іздену, оқу. Ақын деген ат қалыптастыру басты мақсатым емес. Бастысы -адамдықтан айнымау. Армандарыма сенемін! 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ақын #жыр