Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов Сеул-Алматы бағыты бойынша ұшқан жолаушының өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжіліске сілтеме жасап. Оқиға 30 сәуірде болған.
Осыған орай бүгін Мәжілісте «Air Astana» әуе компаниясының президенті Питер Фостердің атынан компанияның өкілдері алғыс хат пен арнайы сыйлық табыс етті. Авиатасымалдаушы компания өкілі атап өткендей, ұшақтың бортында жолаушылардың бірінің қысымы төмендеп, есін жоғалта бастаған.
Бортсеріктер салондағы жолаушылар арасынан медицина қызметкерлерін іздеген. Сол сәтте ер адам көмекке келеді. Ол кейін белгілі болғандай шетелге іссапармен бара жатқан мамандығы бойынша дәрігер, Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов болып шыққан. Ғалымжан Елеуовтың айтуынша, азамат ес-түссіз, клиникалық өлім жағдайында болған. Оның қысымы мен тамыр соғуы сиреп кеткендіктен, жедел түрде реанимациялық іс-шаралар жүргізілген. Мәжіліс депутаты жолаушының жүрек қызметін қалпына келтіріп, оның жағдайын жақсарта алды.
Осылайша, жақын маңдағы қалаға ұшақтың шұғыл қонуы қажет болған, дегенмен, 37 жастағы ер адамның жағдайы тұрақтанып, ол әрі қарай ұшуды жалғастырды.