Семей қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 31 адам құтқарылып, 50 тұрғын эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Физкультурная көшесіндегі 9 қабатты үйде өрт шыққан. Қызыл жалын алтыншы қабаттағы пәтерде жиһаз бен жеке заттарды шарпыды.
«Оқиға орнына құтқарушылар жедел келіп жетті. 6-қабатқа дейін автосатыны көтеріп, 16 және 14 жастағы екі баланы түтін тұмшалаған үйден алып шықты. Олар улану белгісімен медициналық мекемеге жеткізілді. Тағы 31 тұрғын, оның ішінде 14 бала өрт сөндірушілердің көмегімен баспалдақ арқылы құтқарылды», - делінген ақпаратта.
Балаларын өз бетімен құтқармақ болған 42 жастағы пәтер иесі күйік алып, ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ ТЖД қызметкерлері қауіпті аймақтан 50 адамды, оның ішінде 15 баланы эвакуациялады.
«Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 40 адам және 10 техника жұмылдырылған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан», - делінген хабарламада.