$ 444.22  476.38  4.82

«Госпитальде қолын сындырып жіберген»: Талма ауруы бар ұлын әскерге күштеп алып кеткенін айтқан жалғызбасты ана министрден көмек сұрады

Қайсарды өтірік істеп жатыр ма деп ойласа керек, қолын басқан көрінеді.

Гүлжанат Жылқыбаева ұлы Қайсар Жылқыбаевтың әскерге заңсыз жіберілгенін айтып, шағымданып отыр. Оның сөзінше, баласын Шымкент қаласы Абай ауданындағы әскери бөлімнің қызметкерлері дәрігерлік тексерістен өткізбестен оны Семей қаласына әскери борышын өтеуге жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Анасының сөзінше, ұлының басы ауырады, арасында тіпті талма ауыруы ұстап қалады. Әскерге кетпес бұрын ем қабылдап жүрген, сондай-ақ дәрігерлердің тексеруінен өтуі керек болған. Алайда әскери бөлімдегілер Қайсар Жылқыбаевтың келісімінсіз құжаттарына қол қойып, оның ауруын жасырып, Семейге жөнелтіп жіберген көрінеді.

“Қайсарды әскери бөлімшеге шақырып алып, екі күн бойы ұстаған. Соңғы күні тіпті, бізге ескертпестен алып кетіп отыр. Ал біз оны барлық жерден шарқ ұрып іздедік. Бір жерде құлап қалды ма деген қорқыныш болды. Сөйтсек, әскери қызметкерлер ұстап отырыпты. Негізінде оның басы ауыратын, арасында талма ауыруы ұстап қалады. Әскери бөлімдегілер медициналық тексеруден өткізбепті. Тіпті, олар баламның ауру екеніне сенбей, өзінің сырқат екенін қанша дәлелдегісі келсе де ұсынған құжаттарына көңіл аудармай қойған”, – дейді Қайсардың анасы Гүлжанат Жылқыбаева. 

Төмендегі видеодан сарбаздың ауру екенін айтып, жібермеуді сұрап жатқан туыстарының сөзін Шымкент әскери бөлімінің қызметкерлері құлағына ілмей жатқанын көруге болады. Өзінің подполковник ретінде таныстырған қызметкер сарбаз келеңсіз жағдайға ұшыраса өзінің жауап беретінін айтады. 

Ал Қайсар Семейге барғаннан кейін төрт күннен соң ауырып, госпитальге түскен. Ол жақтағылар баланың ауру екенін білмедік деген көрінеді. 

“Семейдегілер інімді тексеру үшін Нұр-Сұлтанға апарған. Ол жақта да талмасы ұстап, анализдер тапсырыпты. Не істегенін білмейміз, әйтеуір астанадағы госпиталдьде ем қабылдап жатқанда баланың қолы сыныпты. Бұған енді не айтарымды білмей отырмын. Қайсарды өтірік істеп жатыр ма деп ойласа керек, қолын басқан көрінеді. Ал анасы Шымкенттің прокуратурасына баланы ауруына мән берместен алып кеткен әскерилердің үстінен шағымданып, арыз жазған. Алайда олар бәрі жақсы болады, ешкімге ештеңе айтпаңыз деп шығарып салыпты. Бірақ мен прокуратураға да сенбей отырмын”, – дейді Қайсардың әпкесі Айгүл. 

Осы жағдай бойынша Stan.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне жүгінген болатын. Ведомство дерегінше, қатардағы жауынгер 24 жастағы Жылқыбаев Қайсар әскери мерзімді қызметке өз еркімен шақырылған. 

“Бұл туралы оның қолхаты бар. Мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін медициналық мекемелерде диспансерлік есепте тұрмаған. Медициналық сараптамадан өту барысында денсаулығына шағымданбаған. Психологиялық зерделеу нәтижесі бойынша моральдық психологиялық тұрғыдан мерзімді әскери қызмет атқаруға "ұсынылған". Қызмет ету орнына жетіп, әлсіздікті сезінгеннен кейін, Семей қаласының әскери госпиталіне жатқызу туралы шешім қабылданды”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта Қайсар Жылқыбаевтың Нұр-Сұлтан қаласындағы қорғаныс министрлігінің Бас әскери-клиникалық госпиталінде толық тексеруден және медициналық куәландырудан өтіп жатқанын айтты. 

Алайда Қайсардың туыстары Шымкент әскери бөліміндегілердің жалған ақпарат таратып отырғанын айтып, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан тергеудің әділ өтуін жеке бақылауына алуды сұрап отыр. 

“Мен төрт балам бар жалғызбасты анамын. Онымен қоса, мүгедектігім бар. Біздің Шымкентте ешқандай заң жоқ. Ауру баланы біздің жанайқайымызға қарамастан алып кетті. Онымен қоймай, бізді балағаттады деп үстімізден арыз жазды. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне де жалған ақпарат беріп отыр. Біздің шындықты айтқанымызды дәлелдейтін айғақтар жетеді. Куәгерлеріміз де бар. Егер Қорғаныс министрі бұл мәселеге көзін жұмып қарайтын болса, басқа не істейтінімізді білмеймін. Шымкент прокурорларының өзі бұл мәселені қылмыстық іс деп айтты. Біз оны өз құлағымызбен естіп, жазып алдық. Бірақ қазір олар әскери бөліидегілермен ауыз жаласып, істі жабуға тырысуда. Қазір баламыздың жағдай туралы дұрыс хабар ала алмай да отырмыз. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан ұлымды әскерге заңсыз жіберген тұлғаларды жазалауын және Қайсардың әскерден босатылуын сұраймын. Тергеудің әділ өтуін жеке бақылауыңызға алсаңыз екен”, – дейді Гүлжанат Жылқыбаева. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары