$ 494.87  520.65  4.91

Қызылордалық мамандар қаңғыбас иттерден паразитарлық ауру тарап жатқанын айтып, дабыл қақты

Қызылордада иесіз ит пен мысықтардан жұқпалы тері ауруымен ауырғандар қатары арта түскен.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қызылдордада балаларға шабуылдап, көптің зәре-құтын қашырған иесіз иттерден қоғамға тағы бір қауіп төнді. Мамандар қаңғыбас жануарлардан, әсіресе иесіз иттерден қауіпті індет тарап, қызылордалық жамағат жаппай сырқаттана бастағанын айтып, дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қызылордада иесіз ит пен мысықтардан жұқпалы тері ауруымен ауырғандар қатары арта түскен. Медицинада «Дерматомикоз» деп аталатын бұл сырқат түрі  үй жануарлары мен кеміргіштерін күту кезінде, науқас адаммен байланыс орнатқанда жұғатын көрінеді. Ауру терінің бұзылуына, тырнақтың сынуына, бастың шаш орналасқан бөлігінің тақырлануына алып келетін белгілерімен ерекшеленеді. Бұл кеселмен ересектер де, балалар да шалдығады. 

Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, бұл қатерлі тері ауруы облысқа қарасты Жалағаш, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында орын алып отыр. Соңғы бес ай көлемінде өңірде қатерлі паразитарлық ауруға шалдыққан 126 науқас тіркеліпті.

«Жалпы паразитарлық аурудың 90,4 пайызы адамдарға ит-мысықтар арқылы жұғып отыр. Ал 9,5 пайызы қарым-қатынас арқылы жұққан.  Оның ішінде 115 жағдайы немесе 92 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алуда. Қазіргі уақытта қауіпті сырқаттың өршуіне жол бермеу мақсатында «Дерматомикоз» ауруы тіркелген барлық ошақтарда Ұлттық сараптама орталығының филиалымен дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді» - деп мәлімдеді бізге бұл жайында Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Әлия Идрисова.

Жалпы жаз мезгілі тері ауруларының өршитін кезеңі болып табылады. Оған қоғамда бұралқы иттердің тым көбейіп, бұқараға қауіп төндіріп тұрғаны «жығылғанға жұдырық» болып тұр. Соған сәйкес мамандар жеке тазалықты басты назарда ұстап, бұралқы иттер мен мысықтарға жақындамауға кеңес беріп отыр.

Ең дұрысы «Жануарларды қорғау туралы» заңға өзгеріс енгізіп, иесіз ит-мысықтарды аулау мен жою жұмыстарын жолға қою қажет. Әйтпесе бұралқы иттен келетін қауіп өршімесе, азаяр түрі көрінер емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары