Қостанай облысының Жітіқара қаласында өрттен әйел екі ересек баласы және немересімен мерт болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
20 маусымда сағат 01:54-те Жітіқарадағы №12 өрт сөндіру бөліміне Комсомольская көшесінің бойында тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар түскен. Куәгерлер 102 қызметіне қоңырау шалып, тұрғын үйдің өртеніп жатқанын хабарлаған.
«50 шаршы метр аумақта ағаш дәліз, кіреберіс пен үй төбесінің жабындысы толықтай жанған. Өрт 02:26-да ауыздықталып, 02:54-те сөндірілді. Өрт сөндіру кезінде оқиға орнынан 63 жастағы үй иесі әйелдің 39 және 36 жастағы ұлы мен қызының және 2 жасар немересінің мәйіті табылды. Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр», - деді ТЖД-дан.
Оқиға орнында тергеушілер мен облыстық ТЖД мамандары жұмыс істеп жатыр.