22.06.2022, 09:20

Астанадағы екі күнге созылған өрттің себебі аталды

Өрт ошағына ТЖМ-нің МИ-8 тікұшағымен 27 рет су шашылды (81 тонна).

Екі тәулікке созылған Нұр-Сұлтандағы Талдыкөл ауданындағы өрт сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Кеше сағат 18:53-те өрт ауыздықталып, бүгін сағат 05:55-те толығымен жойылды. Өрт шығуының алдын ала себебі - отты абайсыз қолдану болуы мүмкін (аз калориялы от көзі). Өртті сөндіруге 86 қызметкер мен 14 техника жұмылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 20 маусымда сағат 15-03-те "101" пультіне Есіл ауданының Қорғалжын тас жолының бойында қураған шөптің өртенгені туралы хабарлама түскен. Қамыс пен қураған шөп жанды. Елордалық өртсөндірушілер қызыл жалынмен екі тәулік бойы арпалысты. Өрт ошағына ТЖМ-нің МИ-8 тікұшағымен 27 рет су шашылды (81 тонна).