«AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару мәселесімен айналысады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын.
Осы орайда, партия хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдағы тірегі ретінде Мемлекет басшысы тапсырған мәселені шешуге атсалысатынын баса айтып өтті. Оның айтуынша соңғы бірнеше ай ішінде комиссияның күшімен Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 140 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекеттік меншікке қайтарылды.
«Жер – елге аманат, Ел – ерге аманат» деген бар. Осы себепті жер мәселесін шешетін уақыт келді. «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді, заңсыз жеке меншікке өткен жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға көмектесу және ауыл тұрғындарына қолжетімді ету. Жасыратыны жоқ, олигополия тек орталық деңгейде ғана емес, аудандық, өңірлік деңгейде де бар, біз олармен тоқтаусыз күресеміз», - деді Дәулет Кәрібек. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, комиссия мүшесі Ерлан Саиров аманаттықтар жағдайымен жеке танысу үшін еліміздің түкпір-түкпірін аралағанын жеткізді.
«Біз ең шалғайдағы ферма, қыстақ, жайлауларда болдық. Қайда барсақ та, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейінгінің айтатыны – Жер. Сондықтан қазіргі таңда біздің партия осы жер мәселесімен нақты әрі жан-жақты айналысуға бел буып отыр. Міне, осы тұрғыда «AMANAT» халықтың мұң-мүддесін қозғап жүрген халықтық партия болғандықтан, «Жер – аманаты» деген комиссияны құрып жатырмыз. Оған елімізге белгілі, өзінің принципті позициясы бар, жер мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың баршасы кіріп отыр», - деді депутат.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, жер мәселесі қоғамдағы әділеттілік деңгейін анықтайды.
«Аудандарда адамдарға мал жаюға, агробизнеспен айналысуға мүмкіндік бермейтін олигополиялар бар. Жергілікті олигархтар жердің бәрін меншіктеп алып, жәйбарақат отыр. Бүгінгі таңда қоғам бос әңгіме емес, нақты нәтиже күтеді. Бұл істе Ауыл шаруашылығы министрлігінің неғұрлым белсенді болып, заңды шаралар қабылдамаған жағдайда құқық қорғау органдары әкімдерге қатысты іс қозғау үшін жергілікті атқарушы органдарға ұйғарымдар бергені жөн», - деді Айдос Сарым.
Қоғам қайраткері, «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов ауылда жер талан-таражға түсіп кеткендіктен, ауыл азаматтары қалаға қоныс аударуға және қалаға келген соң да үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүруге мәжбүр болып отырғанын айтты.
«Біз жүйелі шаралар қабылдауға ықпал етуіміз керек. Мұнда сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлігі бар екені түсінікті. Онымен құқық қорғау органдары айналысады. Бірақ екінші жағынан қоғам алдындағы жауапкершілік, қоғамдық ұстаным да бар. Оны бүгін «AMANAT» партиясы көтеріп отыр», - деді ол.
Жерді тиімсіз пайдалануға қатысты заңгер Бақытжан Базарбек нақты мысалдар келтірді. «Маңғыстау облысындағы шаруашылықтардың бірінің жер көлемі 2015 жылы 3,5 млн.га болды, бұл Молдова, Бельгия, Арменияның территориясынан асады. Қазіргі уақытта бұл шаруашылықта 1 млн. гектардан астам жер бар, ал малы жоқ. Уәкілетті органға жер учаскесін алып қоюға не кедергі келтіріп отыр? Біз осы сияқты жағдайлардың бәрін тексереміз», - деді ол.
Ал белгілі тележурналист Мақсат Толықбай «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының ерекшелігіне тоқталып, оның жұмысына ел өміріне бейжай қарамайтын азаматтарды атсалысуға шақырды.
«Жасыратыны жоқ, бұл істің барлығын атқару министрліктерге қиынға соғады. Сондықтан қазір саяси партияның көмегі керек болып отыр. Партияның ресурсы үлкен. Комиссия жұмысын ашық ету үшін барлық тетіктерді іске қосу қажет»,- деді ол.
Айта кетейік, комиссия құрамына Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов сынды Парламент Мәжілісінің депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруашылық министрлігінің өкілдері, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Ғалым Байтоқ, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай сынды қоғам қайраткерлері мен блогерлер мүше болып отыр.
Еске сала кетейік, өткен аптада «AMANAT» партиясының араласуымен Қарағанды облысы Нұра ауданының тұрғындары 80 мың гектардан астам жайылымдық жерге қол жеткізді.
Жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ауыл әкімдері және жергілікті қоғамдастық арасындағы меморандум шеңберінде берілді.
Ал мәселені жүйелі шешу үшін партия қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуге қол жеткізуге ниетті.
Атап айтқанда, жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі бюджеттік бағдарламаны облыстық деңгейден ауылдық округтер әкімдерінің деңгейіне беру, мал басын ескере отырып, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеме нормаларын жаңарту, елді мекен шекарасынан 5 км радиуста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылым беруге тыйым салу және т.б. қажет.