Ресейлік режиссер Тигран Кеосаян “советтік” Қазақстанға келуге уәде берді, деп хабарлайды Gazeta.Ru.
"Ерекше керемет әзілмен қараймын, туған жерім маған орден бергендей қараймын. Бұл күлкілі, өте күлкілі. Мүмкін мен әлсіз жерді немесе олардың қатты қорқыныш тудыратын жерінен ұстаған шығармын. Сондықтан мен журналист ретіндегі қызметімді дұрыс істедім. Мен міндетті түрде Қазақстанға келемін және Қазақстан билігінен рұқсат сұрамаймын.Туған жерім Қазақстанға, туған жеріме, советтік Қазақстанға, тағы да қайталаймын мен туып өскен Қазақстанға барамын", – деді Кеосаян осы жұмада.
Бұған дейін Кеосаян телебағдарламаларының бірінде Қазақстанға ашық қоқан-лоққы жасап, балағат сөздер айтқан болатын.
Ол Ресей билігіне тиесілі "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінің, Sputnik ақпарат агенттігінің және Russia Today (RT) халықаралық ақпараттық желісінің бас редакторы Маргарита Симонянның күйеуі. Бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін жұбайы да Қазақстанға агрессивті шабуылдар жасады.
27 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрлігі ресейлік үгітшінің мәлімдемесіне түсініктеме бере отырып, ол Қазақстанға кіруге рұқсат берілмейтін тұлғалар тізіміне қосылу мүмкіндігін жариялады. Қарапайым қазақстандықтар да Кеосаянның шабуылдарын қатты сынаса, қазақтың белгілі актері Досхан Жолжақсынов тіпті ресейлік насихатшыны Италияның ұлттық фашистік партиясының жетекшісі Бенито Муссолинимен салыстырды.