26.06.2022, 14:04

Ақмолада жел үш мектеп пен 40-қа жуық тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкетті

Фото: ашық дереккөз
Сондай-ақ дауыл салдарынан электр бағаналары құлап, бірқатар елді мекен жарықсыз қалған.

Ақмола облысында қатты жел үш мектеп пен 40-қа жуық тұрғын үйдің шатырын ұшырды. Сонымен бірге бірқатар елді-мекен жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 маусымда Біржан сал және Бұланды аудандары аумағында 30 м/с жылдамдықпен соққан қатты жел саларынан 3 мектеп пен 38 жеке тұрғын үйдің шатыры ұшты. Көптеген ғимарат бүлінген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деді Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ дауылдың салдарынан электр бағаналары құлап, бірқатар елді мекен жарықсыз қалған. Апаттан келген шығын көлемін жергілікті атқарушы органдар анықтап жатыр.