29.06.2022, 09:40

Қызылордада 20 миллион теңгеге төселген жол жарамсыз болып қалды

Өйткені асфальт, бетон жабындыларын төсеу барысында мердігер компания құрылыс нормаларын сақтамаған.

Қызылорда облысында 20 миллион теңгеге салынған ауыл, қалаішілік және республикалық маңызы бар жол бұзылып, қайта салынды. Өйткені асфальт, бетон жабындыларын төсеу барысында мердігер компания құрылыс нормаларын сақтамаған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Жергілікті тұрғындар жолдың сапасыздығын айтып, наразылығын білдірген. "Кейбір жолдардың сапасына көңілім толмайды. Сапалы жасалса "КамАЗ" жүрсе де, ойылмау керек қой", "Асфальттардың сапасы нашар. Смоласын аз мөлшерде қосады. Құм көп қосып жібереді кейде", "Жолды қардың үстіне сала салды. Біраз жер ойылып жатыр", - деді олар.

Қызылорда облыстық жол активтері ұлттық сапа орталығы жыл басынан бері 60-қа жуық нысанға 170 тексеру жүргізгенін хабарлады. Нәтижесінде 200-ге жуық кемшілік анықталған.

Осылайша, құзырлы мекемелерге хат жолданып, мердігерлер жолды қайта салған.  Мамандар "бұл олқылықтар техникалық қадағалаушының салғырттығынан болды" дейді. Сонымен қатар тиісті мекеме өткен жылы 2 компанияға 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, лицензиясы 6 айға тоқтатылғанын жеткізді.

"Мұндай кемшіліктердің барлығы техникалық қадағалаушының дұрыс жұмыс жасамағанынан болады. Қазіргі кезде техникалық қадағалаушы мекемесі 1 техникалық қадағалаушыны бұйрықпен бекітіп бірнеше нысанға қойып қояды. Осыған байланысты әрқайсына барып, қадағалап үлгермейді. Сондықтан бұндай кемшіліктер көп кездесіп жатыр", - деді өңірдің жол активтері ұлттық сапа орталығының бөлім басшысы Ержан Оспанов.