«Бүгінде бізде әскерге барудан қашатын ынжық, әскердегі сынақтарға төзе білмейтін әлжуаз жігіттер өсіп келе жатыр. Бұл қоғамда әкенің рөлінің төмендегенін көрсетіп отыр». Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Ләззат Қожахмет мәлімдеді.
«Қазір бізде мектептерде сабақ беретін ұстаздардың 90 пайызы әйел адамдар, ата-аналар жиналысына баратындардың басым бөлігі әйел адамдар. Яғни балалардың тәрбиесіне араласып отырған жетекші адамдар әйелдер болғанына қарамастан бүгінде бізде әскерге барудан қашатын ынжық, әскердегі сынақтарға төзе білмейтін әлжуаз жігіттер өсіп келе жатыр. Бұл мемлекетте ер адамдардың, қоғамда әке рөлінің төмендегенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты біз ұлттық комиссия мүшесі ретінде әр мектептің жанынан әкелер кеңесін құруды ұсынамын. Себебі әкелер кеңесі жеке ер балаларды тәрбиелеп, оларға қалай әке болуға болады, қалай өзіне жауапкершілік алуға болады, жыныстық тәрбие беру мәселесінде де әкелер балалармен бөлек жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Яғни әкелер кеңесі қажет. Одан бөлек әскери өмірге дайындайтын әскери клубтар ашуды ұсынамын», - дейді Ләззат Қожахмет.