Күні кеше мәжілісмен Зәкіржан Кузиев биліктің латифундистерге тісі батпай отырғанын, бір ғана Алматы облысындағы 1,5 млн гектар жер 30 адамның уысында екенін айтты. Экология министрі Брекешовке сауал жолдаған депутат халықпен жүздескенде Алматы мен Жетісу облыстарының орманды, таулы алқаптарында жер мәселесі ушығып тұр деген, деп жазады Malim.kz.
Оның айтуынша, шағын ғана топ жалпы халыққа арналған, оның ішінде ең жақсы жерлерді иемденіп алған. Алматы облысындағы Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында орманды жерлер аң шаруашылығы үшін таратылып берілген.
«Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небары 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған. Ал Ұйғыр ауданында жағдай тіпті қиын. Жергілікті әкімдік мәліметінше мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік жерден 415 мың гектар жерді бар-жоғы аң шаруашылығын жүргіземіз деген мақсатта 6 адам бөліп алған. Бұл аудандағы орманды жерлердің 97 пайызын құрайды. Сонда тек қана осы үш ауданда 1,5 миллион гектар жер бар-жоғы 30 адамның ғана қолында», – дейді Кузиев.
Ірі жерлерді иеленіп алғандардың Алматы, астана, Талдықорған сияқты үлкен қалаларда тұратынын да айтып қалды шенеунік. Олардың арасында өзі секілді депутаттар да болуы әбден мүмкін. Әзірше жауапты Брекешовтен күтеміз.
Зәкіржан Кузиев жоғарыда атап өткен аймақтардың жағдайын жақсы біледі. Өйткені, өзі де сол өңірде әулетімен шаруасын шалқытып отырған кәсіпкер. 2005 жылдан бастап «Жаркент крахмал – сірне зауыты» ЖШС құрылтайшысы. Сондай-ақ «Универсал» өндірістік компаниясының да президенті болғаны бар. Бұлар ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін ауқымды өндіріс орындары саналады. Зәкіржанның ағасы Ділмұрат Кузиев те кәсіпкерлікпен айналысады. «БеНТ» акционерлік қоғамының қожайыны ашық ғаламтор деректеріне сүйенсек, балық шаруашылығымен айналысады және құс өсіруді кәсіп етеді. Ділмұраттың 29 жастағы ұлы Дінмұхамед Кузиев басқарып отырған «Фирма «БеНТ» ЖШС 40-тан астам тоспада (пруд) балық өсіреді.
Д.Кузиев «Ильхам» меценаттар клубын ашып, жазушыларға қолдау-қолпаш та көрсетіп жүреді. Ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири Кузиев туралы арнайы кітап та жазған. (Ахметжан Ашири «Дили Зия» - «Жарқын жан» роман – эссесінің бас кейіпкері Ділмұрат Кузиев)
Естеріңізде болса, Іле ауданында екі тоннаға жуық балық қырылып, апатты жағдай орын алған. Осы жасанды көлді Д.Кузиев жалға алып, балық шаруашылығымен шұғылданған еді.
Ел арасында дәл осы Кузиевтердің де Алматы облысында үлкен аумақтарды иеленіп отырғаны айтылады.
Malim.kz тілшісі депутаттың өзіне хабарласып, ірі бизнес орындарының құлағын ұстап отырған Кузиевтердің иелігінде қанша жер барын сұрап көрді. Латифундистердің әрекеті әлеуметтік теңсіздікті тудырады деп жүрген депутат Кузиев соншалық ұлан-ғайыр жеріміз жоқ дейді.
«Сіз айтқан 1,5 млн гектар жерді ұстап отырған 30 адамның аты-жөнін атап бере аласыз ба?» деген сұраққа:
«Менің депутаттық сауалымда олардың қай өңірде және қанша адам екені жазылған. Олардың кім екенін Брекешовтен сұрап алыңыздар», - деп жауап берді.
Ал өзінің және ағайыны Ділмұрат Кузиевтің иелігінде қанша жер бар екенін сұрағанымызда:
«Иелігімізде 500 гектар жеріміз бар. Ол жерге жүгері егеміз, бұл аң шаруашылығын жүргізу үшін алынған аймақ емес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Бұл аң шаруашылығын жүргізу үшін жер алғандардан басқа жағдай», - деді.
Депутат министр Брекешовке жолдаған сауалында экология туралы да айтып қалған.
«Мен айтып отырған әділетсіздік принциптері жойылуы керек. Халық өз жерлерін жазда жайлау ретінде пайдаланып, керемет табиғат саясында экотуризмді дамытуға мүмкіндік жасалу керек деп санаймын», - деп бұқараға жанашырлық танытқан.
Алайда, жаркенттіктер жаз шыға салысымен жағымсыз иіске тұншығатынын, қолқаны қабар сасық иіс «Жаркент крахмал-сірне зауытынан» тарайтынын айтып қанша мәрте дабыл қаққанын білеміз. Бұл жөнінде Malim.kz-ке былтыр «Жаркент әжетханаға айналды» деген мақала да шыққан. Жылына 120 мың тонна жүгері өңдейтін зауыттың қалдық суы қала сыртына келіп төгілетіні,ол сіңіп үлгермейтіндіктен, сасық иіс шығатыны жазылған. Соның кесірінен үлкендер мен балалар тамақтана алмай құсып жатады деп мұң-зарын үйіп төккен жергілікті жұрт. Тіпті, тұрғындар бұл зауыт бәрімізді улап бітетін болды, зауыт жұмысын тоқтатсын деген талап та қойған.
Одан сәл бұрын Кузиевтердің Алматы облысы Іле ауданында орналасқан тоспасында өсіріп отырған балығы қырылып, біраз шу болғаны есте.
Министрге әділдік принципі туралы мораль оқығыш депутат Кузиев ауылындағы, шаруашылығындағы экологиялық мәселені шешіп тастап, енді табиғат аясындағы экотуризмді дамытуға шындап кіріскен сияқты.