Елордада әуежай мен басқа да мекемелерге "бомба қойған" тұрғынға үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының № 2 соты 1 шілдеде терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша қала тұрғынына қатысты айыптау үкімін шығарды. Сотталушының көршісі үнемі тыныштықты бұзатын болған, осыған байланысты ол қаңтарда көршісінен кек алуды ойластырған. Осылайша, азамат жаңа ұялы телефон сатып алып, оны көршісінің атына тіркеген және электронды пошта ашқан.
31 наурызда "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына", "Алматы қаласының халықаралық әуежайына", "Lexus Astana", "Мусаг" көлік салондарына,"Хан Шатыр", "Abu Dhabi Plaza", "Mega Silk Way", "Mega Park" сауда ойын-сауық орталықтарына, "Ренко" мекемесіне, "Меga Alma-Ata" ойын-сауық орталығына "Сіздердің ғимаратқа бомба қойылған" деген хат жіберген.
Сотталушы жауапкершілікті көршісіне жүктеу үшін ол келетін уақытта ұялы телефонды оның пәтерінің қасындағы баспалдаққа қалдырып кеткен. Телефонды көршісінің кәмелетке толмаған қызы тауып алып, әкесіне берген. Ол оны пәтерінде сақтаған. Сотталушының заңсыз әрекеттері азаматтардың тыныштығын бұзуға, объектілерді эвакуациялауға, сондай-ақ ұшақтардың кешігуіне әкеліп соққан.
Оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеті үшін өкінді. Сот үкімімен қала тұрғыны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.