Бүгін, 5 шілде күні Ресей Федерациясының премьер-министрі Михаил Мишустин Екатеринбургте қазақстандық әріптесі Әлихан Смайловпен кездесті. Мишустин кездесу барысында Қазақстан орыс тіліне ұқыпты қатынас танытанынын айтып өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мишустиннің сөзінше, екі ел мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылға ерекше мән беріп отыр.
"Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын, оның ішінде Алматыдағы Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалын ашуға дайындық жүріп жатыр. Қазақстанда ресми мәртебеге ие орыс тіліне аса ұқыпты қатынаспен қарайтынын атап өткім келеді. Бұл біздің азаматтарымыздың еркін араласуына, іскерлік қарым-қатынас жасауына және мәдениетаралық байланыс орнатуына мүмкіндік береді", - деді Ресей премьер-министрі.
Мишустин "Ресей мен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта жемісті жұмыс істеп жатқанын" ерекше атап өтті.
"Біз ортақ нарықтардағы кедергілерді, тосқауылдарды шектеулерді біртіндеп алып тастаймыз және тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етеміз. Осылайша үшінші елдерден тәуелсіз қаржы-есеп айырысу инфрақұрылымын жасаймыз. Ең бастысы-Еуразиялық интеграцияны тереңдетуден нақты басымдықтарға ие болып отырған кәсіпкерлер мен біздің елдеріміздің азаматтарының мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеміз... Біздің екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелерді талқылауға дайынмын", - деді Михаил Мишустин.