Мәдениет министрі Дәурен Абаев былтыр үңгірден шыққан ұлтшылдар деп тіл жанашырларын шырылдатып еді. Одан бөлек, жуырда ғана өзіне қаратып сұрақ қойған журналист әйелге «а где понравилось больше – сверху или снизу?», деп дөрекілік танытқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тағы да үлкен дауға жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Желіде Абаев мырзаның аңдамай сөйлеп отырған тағы бір видеосы тарады. Онда жұрт арасында "мәдениетсіз Мәдениет министрі" атанып үлгерген Абаевтың жергілікті телеарналардағы бассыздықтарды тоқтату туралы өтінішпен шығып отырған аналардың біріне "Ұнамаса көрмей-ақ қой!" дегендей қылып отырғаны байқалады.
Желі қолданушыларының жазуынша, бұл диалог Түркістан қаласындағы кездесудің бірінде болған.
"Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев іс-сапармен Түркістан қаласында болып, халықпен кездесу өткізді. Кездесу барысында әлеуметтік желіде тараған видео үзіндісі қоғамдық резонанс тудырды.
Жағаны ұстатқан видео үзіндісінде егде жасқа келген, ақ жаулықты аналардың бірі Мәдениет және спорт министріне республикалық телеарналарда менталитетімізге әсер ететін, ұлттық құндылық, тәлім-тәрбиеге жат, интрига, меланхолия және трагедияға толы үнді сериалдарына тоқтау салу қажеттілігін атап, қазақ елін толғандырып жүрген мәселені көтерген. Осы орайда ұлттық құндылықтарды ойлағысы келмейтін арналарға өкпемізді артып жүргенде, ҚР Мәдениет және Спорт министрінің «ұнамаса пультты ауыстырып жіберіңіз»,-деген жауабы мәдениетінен ары аттап, айды аспанға бірақ шығарғандай болды. Хош! Министр айтқандай пультты басқа арнаға ауыстырдық делік?! Руханиятқа бай һәм білімді насихаттайтын «Білім және Мәдениет» арнасын неге құртып жіберді?! Неге жауып тастады? Білім және Мәдениет» арнасының өмір сүруге құқы бар еді ғой? Әлде мәдениетті «Бір болайық», «Қослайық» секілді мағынасыз, арзан ойынға ұласқан шоу-бизнес деп түсіне ме?! Немесе өзге елдің өнімі қазақ арналарында көрсетілмесін, тыйым жоқ деген ұстаныммен өзге елдің сериалдарын насихаттау ма?! Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын телеарнадағы – тәрбие құралы қайда?!", - деп жазған желі қолданушысы әрі журналист Салтанат Есенқұл.
Сол секілді Жарас Әліпбаев есімді желі қолданушысы да Мәдениет министрінің бұл сөзін үлкен ренішпен қабылдағанын жазыпты "Дәурен Абаев былтыр "үңгірден шыққан ұлтшылдар" деп тіл жанашырларын шырылдатып еді. Өткенде журналист әйелге « вам сверху или снизу нравится?" - деп мұрнын шүйіріп еді.
Енді Түркістанның төрінде телеарналарды мәдениеттілікке шақырайық деп шырылдаған үлкен апамызға "пультты алып, телеарнаны ауыстыра салмайсыз ба,-деп миығынан күліп отыр.
Бұл қалай болғаны? Мәдениеттілікке жата ма?", - деп өз ренішін білдірген.