$ 494.87  520.65  4.91

«Сотқа қатысушыларға құрметсіздік». Саясат Нұрбек сот отырысына тағы қатыспады

Бұған дейін 28 маусым күні өткен сот отырысында талқылау министр Саясат Нұрбектің өтінішімен 8 шілдеге ауыстырылған болатын.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің арызы бойынша журналист Гүлбану Әбеноваға қатысты сот отырысына тағы да келмеді, деп жазады ulysmedia.kz.

8 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық сотында министр Саясат Нұрбек пен қоғам белсендісі, журналист Гүлбану Әбенованың кезекті сот отырысы өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 маусым күні өткен сот отырысында талқылау министр Саясат Нұрбектің өтінішімен 8 шілдеге ауыстырылған болатын.

Арызданушының сот отырысына қатыспауын оның қорғаушысы министрдің отырысқа қатысуға уақыты болмайтындығымен түсіндірді.

«Ол осы сотқа қатысқысы келді. Алайда ол жуырда мемлекеттік қызметкер атанды. Яғни, мемлекеттің мүддесі оның сот отырысына қатысу ниетінен жоғары. Өкінішке қарай, оның ырқынан тыс мән-жайларға байланысты ол қатыса алмайды және соттан оның қатысуынсыз қарауды сұрайды», - деді қорғаушы.

Талапкер Саясат Нұрбек өзінің сотқа қатыса алмайтындығын, премьер-министр орынбасары Тоғжановпен кездесуі бар екендігін хабарлаған. Саясат Нұрбектің сот процесін елеусіз қалдыруын жауапкер Гүлбану Әбенованың қорғаушысы «сотқа және процеске қатысушыларға деген құрметсіздік» деп атады.

Сот отырысында журналист Гүлбану Әбенованың фейсбук парақшасында 2020 жылы 28 қарашада жариялаған жазбасына қатысты талапкер тарапының өтініші қаралды. Талапкер жазбаның жекелеген сөйлемдері емес, бұл жолы тұтас мазмұны шындыққа жанаспайды және Саясат Нұрбектің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген деген өзгеріс енгізілуін сұрады.

Бұл ретте судья тыңдау процесінің толықтығын, сонымен қатар объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша сараптама тағайындау туралы шешім қабылдады.

Сот сараптама тағайындауға бұрынғы немесе басқа сарапшыға тапсыруға құқылы екенін атай келе, экспертизаның бұрынғы сарапшыға жүктелетінін жеткізді.

Сонымен қатар судья талапкер тараптың өз талабын нақтылауын, дұрыс түзетілген нұсқасын жіберуін сұрады.

«Мемлекеттік бажды төлегеніңізді ескерсек, бұл сізге берілген мүмкіндік. Бірақ болашақта істі соза бермес үшін, жаңа сараптама бастамау үшін талаптарыңызды нақты анықтаңыз», - деді судья.

Сондай-ақ, сараптама жүргізуге кететін сот шығындарын процеске қатысушылар теңдей көтеретін болады.

Ұлысмедиа Саясат Нұрбектің қоғам белсендісінен 1 млн теңге өтемақы талап еткенін, сондай-ақ тараптар арасындағы жанжал журналистің 2020 жылғы әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты өрбігенін бұдан бұрын хабарлаған болатын.

Гүлбану Әбенова Саясат Нұрбектің 2010 жылдан 2013 жылға дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті болған тұсында жасаған сыбайлас жемқорлық істері жайлы жазған. Әбенованың айтуынша, сот рұқсат беретін болса Англия университетінің оқытушылары аталған іс бойынша құқық қорғау органдарына куәлік беруге дайын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары