$ 494.87  520.65  4.91

«Біз – бауыр емес, көршіміз»: еліміздің сарапшылары Собчактың бағдарламасында ой бөлісті

Әңгіме барысында ұлттық мәселелер, Қаңтар оқиғасы, ҰҚШҰ әскерлерін кіргізу, Қазақстан мұнайын тасымалдаудағы кедергілер, Украинадағы жағдай және қазақстандықтардың оған көзқарасы жөнінде айтылды.
фото: ulysmedia.kz
фото: ulysmedia.kz

«Осторожно, Собчак» бағдарламасының кезекті шығарылымында тележүргізуші Ксения Собчак Қазақстандағы болып жатқан оқиғалар мен қазақстандықтардың Ресей туралы ойын анықтамақ болды. Репортажда қазақстандық сарапшылар мен журналистер қанды Қаңтар оқиғасына, Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына, Тоқаевтың квазимемлекеттік аумақтар бойынша ұстанымына (оның ішінде ЛНР және КХДР) талдау жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Петербург Экономикалық форумының басты жаңалығы талибтердің келуі, тіпті Дуняша роботы да емес, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі болды», - деп Собчак бағдарламаның кезекті шығарылымын бастады.Бұдан бөлек, ол Президенттің аты мен тегін дұрыс атағанына тоқталды.

Бағдарлама тақырыбына байланысты елімізге Алексей Поляков есімді арнайы тілші келіп кеткен болатын. Ол Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын аралап, бірқатар қоғам қайраткерлерімен, журналистермен, саясаттанушылармен және Қазақстан тұрғындарымен әңгімелесті.

Әңгіме барысында ұлттық мәселелер, Қаңтар оқиғасы, ҰҚШҰ әскерлерін кіргізу, Қазақстан мұнайын тасымалдаудағы кедергілер, Украинадағы жағдай және қазақстандықтардың оған көзқарасы жөнінде айтылды. Сондай-ақ Тоқаевтың Санкт-Петербург Экономикалық форумындағы сөйлеген сөзі, Маргарита Симонянның сұрағына жауап бере отырып, Қазақстан КХДР мен ЛНР-ды мойындамайтыны туралы да айтылды. Қадыров пен Кеосаянның пікірлері де әңгімеден тыс қалған жоқ.

«Ресей мен Қазақстанның өзара байланысы маған бір қызға ғашық болған екі достың мінез-құлқын еске салады. Олардың қарым-қатынасы жақсы болса да, кейде бәсекелес секілді көрінеді. Ыңғайы келсе, бір-бірімен тістесуге қарсы емес», - деп Собчак өзінің Instagram-дағы аккаунтында репортажға қатысты түсініктеме берді.

Арнайы тілші Алексей Поляковтың Қанды Қаңтар оқиғасы туралы сұрағына саясаттанушы Досым Сәтпаев: «Бұл – Тоқаев пен Назарбаевтың және жақтастарының текетіресі», - деп жауап беріпті.  

«Ол кезде Тоқаев пен Назарбаевтың емес, жақтастарының арасындағы айқас болды. Себебі Назарбаев 18 қаңтарға дейін ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Ол мүлде болған жоқ. Бұл таза текетірес. Арнайы ресурстар дайындалды, бірақ бұл жекпе-жекте Тоқаев жеңіске жетті. Ол көпшілік үшін күтпеген қадам жасады, ҰҚШҰ-ның әскерін шақырып, іс жүзінде Путиннің қолдауына ие болды. Ол кезде Тоқаевтың еліміздегі күштік құрылымдарға сенімі болған жоқ», - деді Сәтпаев.

Бұдан кейін, өздеріңіз білетіндей, Конституцияға түзетулер енгізу үшін референдум өткізіліп, оның ішінде Елбасының өкілеттіктері заң жүзінде жойылды. Бірақ Ресейді, Собчактың сюжетінде айтылғандай, кімнің кеткені емес, биліктің кімнің қолында қалғаны қызықтырды.

«Егер контрэлита билікке – революционерлер қолына келсе, олар заңды мұрагерді тақтан тайдыратын еді. Бірақ бұл жағдайға жеткен жоқ. Қазіргі жағдай – сарай мен паркет позицияларының өзгерісі. «Жаңа Қазақстанның» парадигмасы жарияланды. Бірақ «Жаңа Қазақстанның» негізін қалаушылар ескі элита. Нәтижесінде «Ескі Қазақстанның» өзі «Жаңа Қазақстанды» жариялап, құруға тырысып жатыр», - деді экономист Рахым Ошақбаев.

Өз кезегінде волонтерлік акцияның белсендісі әрі ұйымдастырушысы Тоғжан Қожалиева қазақ-орыс байланысы туралы айтты.

«Біз бауыр емес, көршіміз. Мұны түсіну керек. Қазақтар үшін көрші –маңызды адам. Көрші сенімен барлық нәрсемен бөліседі. Сіз одан нан мен тұз сұрайсыз. Қандай да бір қиындықта, мәселен үйіңіз жабық болып қалды делік, Сіз оның көмегіне жүгінесіз. Сондықтан көрші ағаңыздан да артық кей жағдайда. Ағаңыз 30-40 шақырым қашықтықта болуы мүмкін, ал көршіңіз әрдайым жаныңызда», – деді ол.

Сондай-ақ Қожалиева сюжетте Украинаға гуманитарлық көмек көрсету пункті соғыстың екінші күні жұмыс істей бастағанын айтты. 10 күн ішінде қазақстандықтар 120 млн теңгеден астам қаражат жинады. Оның ішінде көптеген дәрі-дәрмектер, қажетті тауарлар болды. Оның айтуынша, арасында әскери заттар мен қорғаныш броньдар болмаған. Мұндайдан бас тартқан.

Роликтің төменгі жағына қазақстандықтар пікір қалдыруға ерінбепті. Олардың басым бөлігі Қазақстанды жақсы көретінін, қазақтар мен ресейліктер арасындағы байланыс достық қарым-қатынас екенін жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары