Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен соттасқан әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев қамауға алынды.
Бұл туралы спортшы өзінің Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады sheraga.kz.
«Мен қамауға алындым» делінген Жыланбаев хабарламасында.
Еске салсақ, Марат Жыланбаев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың принципті қарсыласы ретінде танымал.
Жыланбаев 2021 жылы Назарбаевқа қарсы сыни мәлімдемелерінен кейін сотқа берілген болатын. «Ар-Бедел» ҚҚ көрнекті спорт қайраткерінің жарияланымдары «саяси көшбасшының қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікірдің қалыптасуына, жалпы Қазақстан Республикасындағы саяси жүйеге теріс көзқарастың қалыптасуына әсер ете алады» деп есептеді.
Содан кейін, 2022 жылдың қаңтарында Жыланбаев Назарбаевтың «ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау» ісі бойынша сотта жеңіске жеткенін хабарлады.
Марат Жыланбаев бір жарым жыл ішінде әлемдегі ең үлкен үш шөлді жалғыз жүгіріп өту арқылы танымал болды, атап айтқанда: 1992 жылы сәуірде 20 күнде Азиядағы Қарақұм арқылы 1,2 мың шқ; 1993 жылғы ақпаннан наурызға дейін 24 күнде Африка Сахарасының 1,7 мың шқ; 1993 жылғы қарашадан желтоқсанға дейін 22 күнде Австралияның Үлкен Виктория шөлі арқылы 1,6 мың шқ жүріп өтіп, супермарафоншы атанды. Ол мұндай жетістікке қол жеткізген әлемдегі жалғыз адам. Ол орнатқан рекордты 30 жылға жуық уақыт бойы ешкім жаңартқан жоқ. Сондай-ақ, спортшы Эльбрус шыңына (теңіз деңгейінен 5642 м биіктікте) марафондық жүгіруді аяқтап, төрт күн ішінде Еуропаның ең биік нүктесіне шықты. Жыланбаев Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген.