Осы аптада Президенттің төрағалығымен үкіметтің жыл сайынғы кеңейтілген отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Әдетте мұндай жиын кезінде қай министрліктің не тындырғаны сараланып, мемлекет басшысы жұмысқа жүрдім-бардым қарайтындарға сөгіс беріп, тезге салып та жатады. Мәселен, бүгінгі таңда еліміздегі экономикалық жағдайды және билік қабылдаған шешімдерді қалай бағалауға болады, Ресеймен ортақ саяси-экономикалық одақта (ЕАЭО) отырған біздің экономикамызға көрші мемлекетке салынған санкция қалай әсер етпек? Кеңейтілген отырыста бұл мәселелер қанашалықты қамтылатыны уақыт еншісінде, ал өз кезегінде Skifnews.kz ақпараттық порталы сарапшының пікірін сұрап білді.
«Бүгінгі Қазақстанның экономикасына қандай сипаттама беруге болады деген сұраққа былай жауап берейік: Бұрнағы жылдармен салыстырғанда Қазақстанның экономикасы әжептәуір тұрақтанды деп айтуға толық негіз бар. Жылдық экономикалық өсім 4,6 пайызға таяйды. Таяйды деп отырғанымның себебі – бір жылдық көрсеткішті жыл ортасында тек жобамен ғана айта аламыз. Жыл аяқталғанда, әрине, біз нақты, ақырғы сандық көрсеткішін шығарамыз», – дейді Жангелді Шымшықов.
Экономист былтырға қарағанда, биылғы көктемде ауылшаруашылығында қатты қиыншылықтар болмағаны көңілге медеу екенін айтады.
«Биыл жазғытұры малдың қырылуы, жем-шөптің жетіспеуі сияқты былтырғыдай қиындықтар орын алған жоқ. Сондай-ақ, өнеркәсіптің даму қарқыны орташа деуге болады. Бірақ Ресейге салынған санкциялардың салқыны біздің сабақтас экономикамызға тимеді деп айта алмаймыз, қатты залалы тиіп отыр. Көптеген өндіріс саласында әртүрлі қосалқы бөлшектер, құраушы аспаптар, өндіріске қажетті тағы басқа заттардың тапшылығы көрініп тұр.
Еуропалық Одақ пен АҚШ-қа Ресей мен Қазақстан арасы соншалықты бауырлас емес, жылы қатынаста емес екенін білдіру үшін мемлекет басшысы Тоқаев та өз сөзінде Ресейге бейтарап екенін көрсетуге тырысты. Ал Ресей болса, біздің мұнайдың 80 пайызын экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысын сот арқылы бір айға тоқтатып отыр. Енді құбыр арқылы мұнайымызды сатуға мүмкіндік ала алмайтын болдық. Бір ай мұнайымызды сатпау деген біз үшін қатты қиындық туғызатыны сөзсіз. Бірақ бұл уақытша қиындық. Сырт көзге – АҚШ және Еуропа Одағына біз көрші елмен бір-бірімізге қарама-қарсы әрекет жасап жатқан, бауырлас мемлекеттер емес екендігімізді екі жақтан көрсеттік. Бұл не үшін керек? Бұл біздің де Белоруссия сияқты тікелей санкцияға ұшырап қалмауымыз үшін қажет», – дейді экономист Жангелді Шымшықов.
Оның айтуынша, егер біз тікелей санкцияға ұшырап қалсақ, онда Ресейдің экономикасы нағыз қиындықтың көкесін сол кезде көреді.
«Неге олай? Өйткені санкцияның нәтижесінде Ресейге жаңа технологияның келуі тоқтады. Қосалқы бөлшектер мен құрамдас бөліктердің барлығын шетелден сатып алатын Ресейдің көптеген өндіріс салалары қазіргі уақытта жұмысын тоқтаттық десек қате айтқандық емес. Ресей шетелден жаңа технологиялар мен құрал-саймандар алмай, экономикасын дамыта алмайды. Ендеше оларды Қазақстан сатып алып, Ресейге реэкспорт жасап, сатуымызға болады. Бізді де айыптап, Белоруссия секілді тікелей санкция салып жібермесе, әзірше шектеу жоқ. Сондықтан бұл үлкен ұқыптылықты талап ететін жұмыс деуге болады. Шетелдік осы тауарларды Ресейге реэкспорт жасап, қажеттілігін өтеп отырсақ, екі елдің де экономикасына тиімді болары сөзсіз.
Қазіргі еліміздегі экономикалық жағдайға толық баға беретін болсақ, орташа деген баға қоюға болады. Дегенмен, өз алдына көптеген қиындықтар болуы мүмкін.
Жақында Конституцияға өзгеріс егізгенде, экономистердің барлығы күткен ең негізгі мәселе – меншік мәселесі еді. Өйткені бізде екі-ақ меншік – мемлекеттік және жеке меншік. Бұл өте ыңғайсыз әрі көп қиындық тудырып отыр. Алдыңғы қатарлы елдерге қарасақ, бес түрлі меншік қалыптасқан. Оларда муниципалдық меншік деген бар. Бұл – біздегі коммуналдық шаруашылық түрі. Атауы солай болғанымен, шын мәнісінде, бізде ол мемлекеттің меншігінде. Екінші түрі – шаруашылық топтардың меншігі. Мұның орнына бізде квазимемлекеттік деген құрылым бар, меншік түрі ретінде еш елде жоқ осындай нәрсені ойлап таптық. Ал қоғамдық меншік деген біздің елде мүлдем жоқ. Меншіктің бұл түрі кез-келген өркениетті елде болады. Біздегі қоғамдық қауымдастықтар мен ұйымдар мемлекеттің меншігіндегінде ме, жекенің меншігінде ме – күрмеуге келмейтін қысқа жіп сияқты.
Жалпы, саясаттан экономиканы бөліп алып қарастыру мүмкін емес. Әуелі экономика, сосын саясат деген қисынға келіңкіремейтін ұстаным. Бұл екеуі бір-бірінің құрамдас бөлігі іспетті қатар жүзеге асырылуы тиіс. Болашақта осы жолмен жүретінімізге сенейік», – дейді Жангелді Шымшықов.