11.07.2022, 16:40

Қостанайда қанаты бар мысық табылды

Монша жаққым келіп, отын алайын деп кіріп келгенімде ауылдан бұрын-соңды кездеспеген мысық алдымнан қашып шықты.

Алтынсарин ауданының тұрғыны қорасын паналап жүрген ерекше мысықты кездестірген, деп хабарлайды Экспресс К.

Видео авторы Серік Алпысов мұндай мақұлықты көргеніне әлі күнге аң-таң. Өкініштісі, оны ұстап үлгере алмай қалған. Әйтпесе мысықтың екі бүйіріндегі ұзын қанатқа ұқсас нәрсені қолмен ұстап, анықтап көрмек болыпты.

"Қораға кірмегелі көп болып еді. Монша жаққым келіп, отын алайын деп кіріп келгенімде ауылдан бұрын-соңды кездеспеген мысық алдымнан қашып шықты. Жүрген сайын қос бүйірінде қанатқа ұқсас бірдеңе желп-желп етеді. Сөйтсек, ол қорадағы бір жәшіктің ішіне балалапты. Марғауларына келер-ау деп күтіп жүріп, бұл жолы видеоға түсірдік. Бір әттеңі, тағы да ұстатпай кетті", — дейді Серік.

Ол марғауларында ондай айрықша белгі жоқ екенін айтады. Ерекше мысықты ендігіде қолға түсіріп, қанаттарын тексеріп көруді көздеп отыр.