Әлемдік теннис турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинаны елордалықтар әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Чемпионды Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайынан спортшының жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері қарсы алды. Күтіп алушылар Елена Рыбакинаға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын сыйлады.
Ертең елордада спортшыны бірнеше маңызды кездесу күтіп тұр.
«Ертең сағат 15:00 Ритз-Карлтонда барлық маңызды сұрақтарыңызға жауап беремін. Келгендеріңізге көп рахмет!», - деп қысқа қайырды Рыбакина.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жеңімпазы болды.
Елена Рыбакинаны тарихи жеңісімен алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Кейін теннисші жеңіс үшін бар күшін салғанын айтып, мықты матч болғанын жеткізді. Сонымен қатар барша жанкүйерлерге алғысын білдірді.
«Осы жолы өз өнеріме ризамын, ең бастысы, сапалы ойнадым», - деді ол.