Білім гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау 13 шілде күні басталады, деп хабарлады жоғары білім және ғылым министрлігі.
"Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау 13 шілде күні басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады. Алыс аймақтарда тұратын талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейнебайланыс арқылы кеңес береді. Құжатты кез келген жоғары оқу орнына (орналасқан жері бойынша) тапсыруға болады", – делінген хабарламада.
Оқуға түсушілер 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады.
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге келесі құжаттар қажет:
1.жеке куәлік;
2.ҰБТ сертификаты;
3.3х4 көлеміндегі фото;
4.орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);
5.№ 075/у нысанындағы медициналық анықтама және №063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;
6.ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
7.жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.
Егер талапкер "Алтын белгі" иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай басымдық қарастырылған.
Биыл алғаш рет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім грантының жаңа түрі анықталды: "Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты". Бұл Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты гранттар алуға мүмкіндік береді. "Атырау-Маңғыстау" грантына конкурсқа осы жылдың мектеп түлектері қатыса алады. Бұл ретте олар бір уақытта жалпы конкурсқа, оның ішінде "Серпін" байқауына қатыса алмайды.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көпбала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-і, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-і көзделген.
Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін квота гранттар санының 1%-ін құрайды. Жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға (қандастарға) гранттардың 4%-і беріледі.
Техникалық мамандықтарға басымдық берілді
Бакалавриатқа түсу үшін 2022-2023 оқу жылында 73 мыңнан астам грант бөлінді. Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 17 794 грантты құрайды. Ал "Педагогикалық ғылымдарға" – 10 810 грант, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 9 103 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына – 6 288 грант тиесілі. Осылайша техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ке дейін ұлғайды.
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкер ұлттық жоғары оқу орындарына, кемінде 50 балмен басқа жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл ретте "Педагогикалық ғылымдар" және "Құқық" білім беру салалары бойынша шекті балл кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" − кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балды құрайды.