Алакөл жағалауында белгісіз ер адам балалы отбасыға тас лақтырған. Шабуыл салдарынан 8 жастағы қыз зардап шекті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға пансионатты іздеу кезінде болған. Ерлі-зайыпты балаларымен Алакөл жағасынан демалыс аймағын іздеген.
Алакөл ауданы, Ақши ауылында белгісіз ер адам олардың көлігіне тас лақтырған. Шабуыл салдарынан көлікке зақым келіп, 8 жастағы қызы ауыр жарақат алған.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында демалушылардың бірі ұсталды, ол - Жаркенттің 28 жастағы тұрғыны. Ер адам мас күйде болғанын айтты. Іс жүзінде қажетті сараптамалар тағайындалып, "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біраз уақыт құқық бұзушыға қатысты тергеу барысында процестік мәжбүрлеу шарасы – келу міндеттемесі таңдалды", - деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Қазір қыз облыстық балалар ауруханасына жатқызылып, дәрігерлер бақылауына алынған.