Солтүстік Қазақстан облысында бір үйдің екі адамы суға кетті. Белгілі болғандай, тұншыққан бала мен оны құтқарғысы келген әкесі көз жұмған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның ақпаратынша, қайғылы жағдай Новоникольский ауылынан 3 шақырым жерде болған. Куәгерлер оқиғаның көзді ашып жұмғанша болғанын айтты.
24 жастағы азамат тұншығып жатқан ұлын құтқарам деп суға секірген. Алайда екеуі де судан қайтып шықпаған. Осы сәтте жағадағы демалушылар да көмекке ұмтылыпты. Олар тек судан ер адамның денесін алып шыққан. Ал баланың денесін бір тәуліктен кейін сүңгуірлер тапқан.
«Есіл өзені, Пестрое, Соленое, Лебяжье, үлкен Таранғұл және Шалқар мен Имантау көлдері аса қауіпті аумақтар болып тұр. Осы көлдерде жаппай демалатын орындарда 58 жерде ғана суға түсуге рұқсат етілген. Оған облыстық әкімдіктің арнайы қаулысы бар. Алдағы апта қатты ыстық болады деп күтілуде. Демалушыларды суда абай болуға шақырамыз», - деді Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері Қуат Махметов.