Нұр-Сұлтан қаласында бір айға жуық уақыт түнгі автобустар жүреді. Қоғамдық көлік әуежайға дейін қатынайды. "15 шілдеден 8 тамызға дейін Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктің түнгі рейстері әуежайға дейін қатынайды. Мұндай шешім елордалық әуе айлағының түнгі жұмыс режиміне уақытша көшуіне байланысты қабылданды", - деп хабарлады City Transportation Systems.
Жолаушылар №10 бағдардағы автобустармен жүреді.
Әуежайдан №10 бағдарының түнгі рейстерінің шығу уақыты: 23:18, 00:29, 01:59, 02:59. Бағдардың күндізгі қозғалыс кестесі өзгеріссіз қалады.
Еске салсақ, 15 шілде мен 8 тамыз аралығында елордалық әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күндізгі 11.00-ден кешкі 18.00-ге дейін әуежайдың ұшу-қону жолағы жөнделеді. Оған 280 млн теңге жұмсалады. Нұр-Сұлтаннан ұшып шығатын және елордаға келетін 75 рейстің 20-сы өз кестесін ауыстырады. Қазақстандық әуе компанияларынан бөлек өз кестесін "Өзбек әуе желілері" компаниясы да өзгертеді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде әуе билетін қайтарған жолаушыларға айыппұл салынбайды.