Белгілі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Дулыға Ақмолда өнер академиясынан өз шеберханасын ашты, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды мәлім етті.
«Белгілі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Дулыға Ақмолда өнер академиясынан өз шеберханасын ашты. Биыл алғашқы түлектерін бойға да, ойға да, талабы мен талантына да қарап таңдап алды», — дейді ректор.
Дулыға Ақмолда — 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы театр институтындағы Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасын үздік бітірген. М. Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Отандық бірнеше телехикаялар мен киноларға түскен.
Бұған дейін Дулыға Ақмолданың шеберханасына белгілі әнші Роза Әлқожаның қызы қабылданбай қалған болатын. Өйткені оның бойы қысқа екен.
Өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалдыға оқырмандары осы ретте «Дулыға Ақмолданың бойы талапқа сай келе ме?» деп сұраған.
«Бойы талапқа сай келіп тұр. Соған қарап алдық. Ал студенттерге келсек, барлық өнер түріне емес, бұл театр артистеріне ғана қатысты талап. Келесі жылы түсіремін десеңіз қазірден бастап сәбіз бере беріңіздер», — дейді Азамат Сатыбалды.