15.07.2022, 16:00

Тоқаевтың сынынан кейін «Зерде» холдингі таратылатын болды

Фото: ulysmedia.kz
«Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей тікелей министрлік құрамына беріп, Зерде холдингін таратып жіберу ұсынылады», - деді Бағдат Мусин үкімет отырысында.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кеше ғана президент сынаған «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Зерде холдингін реформалау бойынша: ол жұмыс жылдың басында басталған болатын. Инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру мақсатында «Қазиновейшонс» агенттігі мен Астана хаб технопаркін бір ұйымға, яғни инновациялар технологиялар паркіне біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылады. Ал Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей тікелей министрлік құрамына беріп, Зерде холдингін таратып жіберу ұсынылады», - деді Бағдат Мусин үкімет отырысында.

Министр Есеп комитетінің отырысында «Зерде» холдингінің қызметіне күмән келтірілгенін еске алды.

«Бұл ұсыныс квазимемлекеттік секторға байланысты тапсырмаларға сәйкес келеді. Осылайша, қажетсіз басқару деңгейін алып тасталып, қаржы үнемделеді. Жауапкершілікті нақтылау бойынша оң нәтижеге қол жеткізетін боламыз», - деді министр.

 

Еске сала кетсек, президент кеше «Зерде» холдингін сынға алған болатын.

«Менің ойымша, қанағаттанарлықсыз. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырдым. Премьер-министр цифрландырудың сақтаушысы ретінде бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек», - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

 

Тегтер: Бағдат Мусин